Қызылорда облысында киіктер жайылымды таптап жатыр
Қызылорда облысының Арал ауданы аумағында ақбөкен көбейіп кетті.
Жайылымды таптап, мал жейтін шөп қалмай барады. Абай және Сазды ауылының тұрғындары осылай деп дабыл қақты. Ен далада еркін жүрген жануар ауыл ішіне де кіре бастаған. «Құмшауыт аймақта ағын су жоқ, егін егілмейді. Тұрғындардың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығымен байланысты. Кейбір шаруашылықтар төрт түліктің басын көбейту үшін мемлекеттен қаржылай қолдау алған. Алайда киіктің көбеюі кәсібімізге кедергі келтіріп тұр», - дейді шаруалар.
Ресми мәліметке сәйкес, Бетпақдала популяциясында 2024 жылғы санақ бойынша 1 млн 150 мың бас киік бар.
Қарасақал Бердәлиев, Абай ауылының тұрғыны:
- Егін екпейді бұлар, 5-10 малмен тіршілік етіп отырған адам тек. Соны ел болып, халық болып, жоғарғы орындар болсын, жағдайды жаса дейміз ғой осы халыққа. Шектеуін шектей ме?
Марат Нұрмағанбетов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Күннің суытуына байланысты киік жануары қозғалыста болады. Соған байланысты қыстыгүндері жылы жақа қарай ауады. Көктем шыға бере кейін қайтады. Бұл жерде киік тұрақтап қалмайды. Азық болмай қалады деп айта алмаймыз. Себебі ол жерде көктем шыға бере кейін кететін киіктер ғой.