15 тамыздан бастап шет елге жем-шөп сатуға уақытша тыйым салынады
Елде 16 миллион тоннадан астам шөп жиналған. Бұл – жоспардың 68%. Өңірлерге 43 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен берілген. Мемлекет меншігіндегі 211 мың гектар шабындықты оруға рұқсат етілді. Бүгінде Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары жем-шөп қорын жинау жоспарын артығымен орындады. Ал қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге 3,6 миллиард теңге бөлінді. Оның 1,7 миллиарды – Қызылорда, 1,9 миллиарды – Маңғыстау облысына берілді.
Ал еліміздің бірнеше өңірінде орақ науқаны басталды. Өнімділік гектарына 11-12 центнерден. Астық былтырғыдай аста-төк емес. Десе де мамандар: «Осының өзін ысырапсыз жинап алсақ, қажетімізге артығымен жетеді», – деп болжайды. Құрғақшылық, қуаңшылық әркім өзінше бағалайтын биылғыдай жағдай Қазақстанда алғаш болып тұрған жоқ. Мамандардың айтуынша, табиғаттың мұндай құбылысы біздің жерде әр 8-10 жылда бір рет қайталанып тұрады. Міне, сондай кезекті толқынды өткерудеміз. Әрине, жоспарлағаннан аз, десе де бұйырған өнімді шаруаларымыз жинауды бастады. Оңтүстік пен батыстың жағдайы түсінікті. Бізді шығыстағы диқандардың нәтижесі қуантты.
Қуаныш Сүлейменов, серіктестіктің бас директоры:
- Бидайдың нәтижесі 14,8 көрсеткішпен шықты. Мына бидай бойынша біз жұмысты бастадық. 13,5 көрсетіп отыр. Алда алатын арпамыз бар, оның да нәтижесі жақсы болады деп сенімдеміз. Биылғы жылғы қуаңшылыққа қарамастан өнімділік жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
Әкпар Мәуленов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының атқарушы директоры:
- Солтүстік Қазақстанда жағдай жақсы. Қостанайда да, солтүстік, орталық аудандарында жақсы. Қостанайдың Амангелді, Жангелді аудандарында құрғақшылық болды, ол жақта жағдай мәз емес болуы мүмкін.
Құрғақшылық Ақмола облысының кей аудандарына да өз әсерін тигізген. Жалпы осының өзінде республика бойынша биыл 16 млн тонна астық жинаймыз деп болжануда. Соның тоғыз млн тоннасы ішкі сұранысты толық жабады. Атап айтсақ, 3 млн нан өнімдері ретінде тұтынылады. Мал азығына – 4, ал тұқымға – 2 млн тоннасы қолданылады.
Соңғы кезде су тапшылығы мәселесіне жиі соқтығысамыз. Оны шешудің жолы бар ма? Мамандар: «Бұған қатысты егістік түрін ауыстыру керек», – деп жауап берді.
Төлеутай Рахымбеков, тәуелсіз сарапшы:
- Бұл су көбеймейді, азаяды. Жаһандық климат өзгеріп келе жатыр. Дәл сол Жетісудің суына мал дақылдары, жүгеріні неге екпеске? Жүгері мен арпаға сол қызылшаға пайдаланатын судың он есе аз мөлшері керек шығар.
Мәселе өз алдына, бізде көбіне-көп шаруалардың қандай дақыл түрін егетінін нарықтың сұранысы шешеді.
Әкпар Мәуленов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының атқарушы директоры:
- Былтыр мысалы, майлы дақылдың бағасы көтерілді. Зығыр, күнбағыс солтүстікте соны көбейте бастады. Алдыңғы жылы жасымықтың бағасы жақсы болды. Содан көп екті де, былтыр бағасы түсіп қалған соң, тағы да азайтты.
Бізде азайып бара жатқан тағы бір нәрсе – мал азығын егетін алқаптар. Соңғы он жылдықта оны ескермей, төрт түлік санын арттырудың ғана қамымен жүріппіз. Енді құрғақшыллыққа тап болғанда, оны асырай алмай отырмыз. Орта есеппен алғанда қазір Қазақстанда 20 млн қой, 7 млн ірі қара, 2,5 млн жылқы мен 200 мыңға жуық түйе бар.
Төлеутай Рахымбеков, тәуелсіз сарапшы:
- Енді малдың саны асқан сайын мал азығы дақылдарының да көлемі өсу керек қой. Сонымен айналысқан жоқ, тіпті мән де берген жоқ. Мал азығымен айналысу үшін өте көп мәселелерді шешу керек. Оның ішінде ең біріншісі – мал азығы дақылдарының тұқымы.
Айта кетейік, Қазақстанда 1991 жылы 11 млн гектар жер тек мал азығын дайындау мақсатында қолданылған. Бұл алқап бүгінде «бес есе қысқарған» деген дерек бар. Құрғақшылық өз алдына, малға азық жеткізе алмай жатқанымыздың бірі әрі басты себебі осында жатқан сияқты.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Жарқын Мырзахан, Бекболат Базаров