А. Цой: коронавирустан қайтыс болғандардың 98% вакцина алмаған
Алексей Цойдың айтуынша, індетті жұқтырғандардың басым бөлігі де екпе салдырмаған. Осыған байланысты Премьер-министр вакциналау қарқынын күшейтуді тапсырды. Әсіресе Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында халықтың екпе алу көрсеткіші төмен болып тұр. Асқар Мамин өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Бұған қоса Үкіметте жаңа оқу жылына дайындық барысы талқыланды.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Қазір дүниежүзінде күн сайын 500 мың адам вирус жұқтырады екен. Сөйтіп, індеттің ілмегіне ілінгендер саны 204 млн-ға жеткен. Әлемдегі ахуал мың құбылып тұр. Тұрақсыздық бізге де кері әсерін тигізді. «Бірақ еліміздегі жағдай өткен айға қарағанда сәл-пәл тәуір», - дейді Денсаулық сақтау министрі. Вакцина өз нәтижесін көрсетіп келе жатқан сияқты. Цойдың айтуынша, елімізде дерт дендегендердің басым бөлігі екпе алмаған. Қайтыс болған адамдардың көбі вакцина қабылдамаған болып шықты.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазақстанда бір аптада коронавирус жұқтыру дерегі 10% өсімді көрсетеді. Елімізде дельта штамының анықталуына байланысты дерт дендегендердің көбі шілде айында тіркелді. Дегенмен тамыз айының басынан бастап коронавирус инфекциясымен науқастану өсімінің бәсеңдеуі және Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталып келе жатқаны байқалады.
Індет аз-маз бәсеңдегенімен, беті қайтқан жоқ. Қазір инфекциялық ауруханалардың басым бөлігінде науқастар емделіп жатыр. Атырау мен елорданың емдеу мекемелеріндегі төсек орынның 69% толы. Ақтөбе облысында 65%, Алматы қаласы мен Жамбыл облысында төсектің 63% бос емес. Жағдай ушығып жатса, қосымша 7419 орын дайын екен.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Инфекциялық орындар санының 54%, ал реанимациялық орындардың 45% толық. Пандемиядан шығудың бірден-бір жолы – вакциналау. Қазіргі кезде 5,9 миллионнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, шамамен 4,5 млн адам екінші компонентін алды. Алайда бұл жеткіліксіз. Вакциналау қарқынын күшейту қажет. «Ashyq» жүйесіне қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің саны үнемі артып келе жатыр. Олардың саны 5 есе, 21 мыңнан 101 мыңға дейін, көбейді.
Биыл оқушылар мектепке барады. Білім ошағының табалдырығын аттаған бірінші сыныптағыларға «Әліппе» табыстау рәсімі салтанатты түрде ұйымдастырылады. Яғни мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Мұғалімдердің 93,1%, ал нысан қызметкерлерінің 88,4% екпе салдырды. Бірақ солай екен деп босаңсуға болмайды. Барлығы бетперде киеді, талапты сақтайды. Министрдің дерегінше, биыл мектептерде 3 млн 600 мыңға жуық бала білім алады. Колледждерде 470 мың, ал университет қабырғасындағы студенттерінің саны 650 мың.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Биылғы оқу жылы денсаулық сақтау жүйесінің әзірлігі анағұрлым жақсы әрі халықты жаппай вакциналау жағдайында басталғалы отыр. Вакцина алған педагогтер жұмысқа кіріседі. Премьер-Министр білім беруді ұйымдастырудың неғұрлым қауіпсіз жүйесі мәселесі пысықталып жатқанын да баса айтты. Сондықтан білім берудің дәстүрлі форматына оралу туралы шешім қабылданды. Осыған орай оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажет.
«Ashyq» қосымшасын білім ошақтарында қолдану көзделіп отыр. Сондай-ақ бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Қысқасы, сыныптан басқа жерде адам шоғырланбауы керек. Айтпақшы, оқу жылына дейін барлық мектеп сақадай сай болуы қажет. Бұл ретте Алматы облысында – 9, Қостанай облысында – 6, Батыс Қазақстан облысында – 5 мектептің жөндеу жұмыстары әлі бітпеген. Асқар Мамин әкімдерге жеделдетуді тапсырды.