Оралда ботаникалық бақ ашылады
Аймақ билігі селекционердің бастамасын қолдап, жер телімін де берді. Негізгі жұмыстар бағбанның есебінен жүргізіледі. Жобаға 300 млн-ға жуық теңге қажет. Селекционер табыс табуды емес, шаһардың шырайын кіргізуді басты орынға қойып отыр.
Қайрат Кәрімов жеті жылдан бері жеміс ағаштары мен гүлдерді күтіп-баптаумен айналысады. Өзінің халықаралық тәжірибелік бағында алманың 200, ал жүзімнің 180 сұрпын өсіріп отыр. Сонымен қатар бағалы гүлдер, дәрілік шөп және қылқанжапырақты көшеттері бар. Бағбанның айтуынша, биыл ауа райының аптап ыстық болуынан бақша ерекше күтімді қажет еткен.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бақтан бөлек, мына жерде ыдысқа егілген гүлдер бар. Алақандай аумақтан өсімдіктің 100-ден астам түрін кездестіруге болады. Олар гүлдеп, жайқалып өсіп тұр. Бағбан бұларды болашақ еншісіндегі ботаникалық баққа отырғызуды жоспарлап отыр.
Білікті бағбан ботаникалық бақ ашуды әу бастан армандап келеді. Бұл ұсыныс жуырда облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапты. Селекционерге қала орталығынан 7 гектар жер жалға беріледі. Сонымен қатар коммуналдық желілерді тартуға көмек көрсетіледі. Ботаникалық бақта сирек кездесетін өсімдік түрлерін егу жоспарланған. Кейін ғылыми конференциялар, семинарлар өткізіледі. Әрі кез келген адам қалаған уақытында келіп, серуендей алады. Жобаға бағбанның жеке қаражаты жұмсалмақ.
Қайрат Кәрімов, бағбан:
- Қазір бұл жерде ештеңе жоқ. Мұндай жерге бірінші рет келіп жатқан жоқпын. Өз бағымды да осылай бастап едік. Жоспарым бойынша биылдан қалдырғым келіп тұрған жоқ. Кейінге қалса, созылып кете береді. Биыл бақты қоршауды бастасам, жайлап ағаш отырғыза беруге болады. Бұл жердің құнарлылығы өте жақсы.
«Қалада ботаникалық бақ бұрын-соңды болмаған. Сондықтан жобаның маңызы зор», - дейді әкімдік өкілдері. Жер телімі ешқандай байқаусыз 10 жылға дейін жалға беріледі. Селекционерге көл-көсір пайда түсе қоймайды. Алайда жоба жүзеге асырылған соң, мемлекет тарапынан субсидия немесе заттай грант бөлінуі мүмкін.
Асхат Құлбаев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Жоба ауқымды әрі қызықты. Ботаникалық бақ қаланың ажарын айшықтай түсері анық. Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп жатыр. Жоба нәтижесіне қарай бағбанға Экология министрлігінен субсидия бөлінуі мүмкін. Сондай-ақ жер телімі мемлекеттік заттай грант ретінде берілуі ықтимал. Бұл әлеуметтік жоба ретінде қаралады. Яғни селекционерді инвестор емес, меценат деуге болады.
Жоба 2 кезеңге бөлінген. Негізгі жұмыстар алғашқы бес жыл ішінде жүргізіледі. Одан кейін қосымша жер телімі пайдаланылады. Жол бойындағы игерусіз жатқан ат шаптырым жер келешекте тұрғындардың сүйікті тынығу орындарының біріне айналмақ.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов