Ақтөбелік 14 отбасы қоныс тойын тойлады
Олар көп жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған еді. Пәтер кілтін облыс басшысының өзі табыстады. Бұл жандардың барлығы баспананы он жылдан астам күткен. Көбі жалдамалы пәтер жағалап, тапқан табысын үй иесіне беріп келген. Солардың бірі – Альфия Нұржанова. Төрт бала тәрбиелеп отырған отбасы: «Мектепке жақын жерден пәтер іздеп, әлек болушы едік», – дейді. Баспананың мектебі мен бабақшасы бар «Нұр Ақтөбе» ауданынан бұйырғанына қуанып отыр.
Альфия Нұржанова, көпбалалы ана:
- Үкіметтің беріп жатқан пәтері бізге 100% тиімді болып тұр. Қазір ай сайын 6 мыңдай төлейміз. Бұрын 45-50 мың төлесек, енді 6 мың теңге төлеп, осы жаңа пәтерде, жаңа қоныста жақсы жаңалық болсын деймін.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұл үйден 54 пәтер сатып алынған. Барлығы әлеуметтік әлжуаз топтағы жандарға үлестірілетін болады. Жыл соңына дейін өңірде тағы бір 9 қабатты үй құрылысы аяқталып, 265 пәтер берілуі тиіс.
Жандос Әлімов, қалалық Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
- Жыл сайын кезекте тұрған азаматтардың 500-ге жуығы кезекпен тұрғын үймен қамтылып отыр. Оған қоса, түрлі бағдарламалар арқылы тағы да мыңға жуық азамат баспаналы болды. Яғни кезекте тұрған азаматтар кезегін аяғына дейін күтіп, үй алады немесе кезегін күтпей, несиелік үй алуға мүмкіндігі бар.
Қазір Ақтөбе облысында баспанаға мұқтаж 24 мыңға жуық адам кезекке тіркелген. Оның 2300-і – көпбалалы аналар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев