Қызылтөбеліктер ауызсуды сатып алып отыр
Тіршілік нәрін әлі күнге дейін сатып алып ішіп отыр. Судың жоқтығынан бау-бақша қурап, құдығы құрғап қалған. Ал жаздыгүні жекеменшік көлік иелері 4 текше метр судың бағасын көтеріп, 10 мың теңгеден сатыпты.
Сексеннің сеңгіріндегі Нұрым Тасанов айдың, күннің аманында тіршілік нәрін сатып алатындарына ызалы. Қызылтөбе ауылына 40 жыл бұрын көшіп келіпті. Содан бері бау-бақшаның қызығын көрмеген. Жаз сайын су жетпей, егіні түгел қурап қалады.
Нұрым Тасанов, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:
- Суды көлікпен тасып жеткізіп тұрады. 1 көлік – 2 мың теңге. Кейде ол да жоқ. Біреулер: «Қаладан әкелдік», - деп 10 мың теңгеден саудалайды. Сағат төрт-бесте жазылғанның өзінде 30-35-ші болып су аламыз.
Тұрғындардың айтуынша, ауылға 2 жыл бұрын су құбыры тартылған. Бірақ содан бері қозғалыс жоқ. 30 мың отбасы түтінін түтетіп отырған ауылға алты су таситын көлік жеткіліксіз. Әрі мұндағы жұрттың бәрінің бірдей суды сатып алуға қалтасы көтере бермейді.
Әйгерім Ашықбаева, тілші:
- Міне, Қызылтөбе ауылындағы ауызсуға тапсырыс берген үйге келдік. Үй иесінің тіршілік нәрін алуға тапсырыс бергеніне 3 күн болған. 4 текше метр су тек 10 күнге жетеді екен. Осылайша, құдықты айына 3 рет толтырады. Ал ауылда кезек көп болған кезде 10 күнге дейін сусыз отыруға тура келеді екен.
Үміт Кенжекенова, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:
- Құдығымыз босап қалып, сусыз отыратын күндеріміз бар. Жазда тіпті қиын. Хабарласамыз, келмейді.
Ақбала Далова, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:
- Құбыр тартты, бірақ орны жабылмаған, ашық тұр. Қағаз жауып қойған. Балалар түсіп кете ме деп қорқамыз.
Ал жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, шағын ауыл тұрмақ, бүтін бір ауданға су жетпейді. Себебі өңірдегі зауытта тәулігіне тек 35 мың текше метр су тұщытылады.
Нұрбек Қарасаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:
- Судың көлемі жетпейді. Мәселені бірте-бірте шешу үшін аудан, облыс тарапынан да жұмыс істеліп жатыр. Бастысы, Каспий су тұщыту зауытының мүмкіндігін екі есе арттыру керек. Келесі жылы бұл жұмыстар аяқталады. Сонда Каспий су тұщыту зауыты 40 мыңға дейін суды тұщытса, тұрғындарға жетеді деген ойдамыз.
«Жоба сәтті жүзеге асса, келер жылы Қызылтөбе ауылының тұрғындарына құбырдан су келеді», - деп сендірді әкімдіктегілер. Тек судың сыбдыры тұрғындар жақындаған сайын алыстай түспесе болғаны.
Авторы: Айгерім Ашықбаева