Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барғандар жергілікті шенеуніктерге өкпелі
Мұнымен қоса, жаңа баспаналардың қабырғалары сыз тартып, көгеріп кеткен. Жанға жайлы жағдай жасалмаған соң, кері көшіп жатқандар да бар.
Болат Көжеков былтыр отбасымен Жетісайдан Тимирязев ауылына қоныс аударған. Сапасыз тұрғызылған баспанасын сол күйі жылыта алмапты. Жергілікті биліктен көмек болмаған соң, қайтадан оңтүстікке көшіп кеткен.
Болат Көжеков, қоныс аударушы:
- Үйлердің үстінен су ағып, көгеріп кетіп жатыр ғой. Ешқандай сапа жоқ. Малға сарай салып бергендей, салып берген ғой. Жылымайды, от жақсаң, қазандықтағы су қайнап кетеді. Көршілер де мәз болып жатқан жоқ. Бәрі кетіп қалып жатыр ғой.
Дүйсебай Құсманұлы алған баспананың да қабырғалары сөгіле бастаған. Кей жерлерде тіпті сылағы түсіп қалыпты. «Салдарынан балаларымыз жиі ауырады», – дейді ол.
Дүйсебай Құсманұлы, қоныс аударушы:
- Бірінші іргелері, едендері дымдана бастады. Кейін бұрышқа көтерілді. Бұрыштан қабырғаға жайыла бастады. Балалар қайта-қайта тұмауратып қалады. Менің ойымша мынаның материалын қысқартқан ғой. Әрі кетсе 4 миллион кеткен. Іргетасының төбесіне дейін дұрыс істелмеген.
Аталған бағдарлама бойынша тұрғызылатын үйлердің құны – 7 миллион теңге. Бірақ кей мердігерлер соның өзінен қаржы үнемдеп қалуға тырысады.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Негізінен тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру 2016 жылдан бері жүзеге асып жатыр. Сол кезден бастап бұл жобада бірқатар олқылықтар анықталған. Естеріңізде болса, былтыр екі ауданның әкімін Президент қызметінен босатқан болатын. Себебі олар тұрғын үй сапасын дұрыс қадағаламаған. Дегенмен де бұл көпке сын болмай тұр.
Иә, баяғы жартас сол жартас. Қыс болса, қоныс аударушылар бүрсең қағады. Мәселенің шешілмесіне көз жеткізгендер кері көшкен.
Назерке Тасқұлова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
- Биыл 773 жанұя келеді деген жоспар бар. Бұл шамамен 2556 адам. Жалпы соңғы бес жылда түрлі жағдайларға байланысты 600-ге жуық азамат оңтүстікке кері көшіп кетті.
Былтыр қоныс аударғандардың 79% тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал жалпы соңғы бес жылда аталған бағдарлама бойынша отбасыларды көшіруге ел қазынасынан 2 милилард теңгедей қаржы жұмсалған.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев