Хабар телеарнасы

Сарандағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жылу берілді

Саран қаласындағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жылу берілді. Қазандықтар қажетті отынмен қамтамасыз етіліп, өндірістік бағдарламаларға сәйкес жұмыс істей бастады. Әзірге қаладағы жылуды жергілікті қазандықтар қамтамасыз етеді. Уақыт өте олар орталық желіге қосылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін қаладағы көпқабатты 77 тұрғын үй 4 күн бойы жылудан ажыраған еді.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Біз барлық жылу көздерін аралап, жылумен қамту барысына егжей-тегжей талдау жасадық. Нәтижесінде орталық жылу көзі іске қосылғанға дейін қаланы жылумен қамтуды жергілікті қазандықтар қамтамасыз етеді деген шешімге келдік. Барлық әлеуметтік нысанға жылу берілді.

Абай облысының Аягөз ауданы да жылыту маусымына уақытылы қосылмады. Тұрғын үйлерге жылу тек 15 қазанда берілгенімен, араға бір күн сала желіде апат болды. Дегенмен қазандықтар жұмысын тоқтатқан жоқ.

Әкімдіктің мәліметінше, апат 16-00-де жойылды. Жалпы ауданда жылу желілерін тарту жұмыстары толығымен аяқталған. Барлық нысан жылумен қамтылды, - деп сендірді жауаптылар.