Халық Омбы-Майқапшағай тасжолының қаржысы тиімді жұмсалып жатқанына күмәндануда
Мердігер компания аталған жобаны осы жазда аяқтап, тапсыруы тиіс еді. «Алайда құрылыс енді екі жылдан кейін аяқталса «шүкір» дейтін түріміз бар», - дейді жергілікті халық. Тіпті тұрғындар жолға бөлінген қаржының тиімді жұмсалып жатқанына да күмәнмен қарай бастаған.
Көкпектіліктерден жол жайы туралы сұрасаң, күйіне жауап береді. Әсіресе көлік жүргізушілері көресіні көп көрген. «Қала жаққа бір барып келсе болды, бірден жөндеуге тұрамыз, жиған-тергеніміз сайман алуға кетеді», - деп шағымданады.
Талғат Нокин, Көкпекті ауданының тұрғыны:
- Дөңгелек шақ келмейді, көлік сына береді, кісілер қиналады, жолда қалады. Еліміз ресурсқа бай, бірақ қарапайым жолды сала алмаса, сөзім жоқ.
Бибінұр Мұрсалимова, Көкпекті ауданының тұрғыны:
- Бөлінген қаражат қайда кетті? Есеп деген болады ғой, бізде ондай жоқ. Кімнің қалтасына кеті? Қашан кетті? Оны біз білмейміз ғой. Басы бар, аяғы жоқ.
Омбы-Майқапшағай тасжолы, яғни Қалбатаудан Зайсанған дейінгі 415 шақырым, биыл маусымның соңында аяқталуы тиіс еді. Алайда сол баяғы «карантиннің зардабы» ұзаққа әсер еткен сыңайлы. Бұған құрылыс материалдарының қымбаттауын тағы қосыңыз. Сондықтан қайта жөндеу жұмыстары әлі екі жылға шегерілер түрі бар.
Мұхит Баймағамбетов, «ҚазГерСтрой» мердігер компаниясы филиалының директоры:
- Тапсырыс берушілермен бірге осы мәселені қарастырып жатырмыз. Құрылысты екі жылға созу үшін бірнеше құжат жинап тапсыру керек.
Сөйтіп, мердігер компаниялар «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» кебін киді. Жобаға бөлінген 159 миллиард теңгенің 25% ғана жаратылған. Жұмыстың 36% ғана орындалды. Тапсырысты берушілер де тығырыққа тірелді. Уәде үстіне берілген уәде, сылтау үстіне айтылған сылтау бітер емес. Оған қоса жобаның 85% Қытай инвесторлары қаржыландырады. Осылайша, барлық талап-тілек жөндеу аяқталған соң, Стокгольм арбитражды соты арқылы қабылданады. Әзірге жол сапасын тексеру орталықтары ғана жұмыс барысын қарап жүр. Мәселен, өткен жылы 663 тексеріс жасалып, 1 мыңнан астам бұзушылық анықталған.
Айдос Қабылбаев, ШҚО «Жол активтері сапасы» ұлттық орталығының инженері:
- Қолданылып жатқан материалдарға қиыршық тастардың сай келмей қалуы, техниканың бұзылуы, темір бетон элементтерінің дұрыс сақталмауы құрылысқа кедергісін келтірді.
Қазір бұл кемшіліктер жойылған екен. Жолды жөндеушілер жаңа құрылыс маусымына әзірленіп жатыр. Бірақ жоба мерзімін ұзарту туралы ұсыныстары қабылдана ма, жоқ па беймәлім. Тапсырыс бергендердің де төзімі таусылыпты.
Айдын Ескенов, «Қазақавтожол» ұлттық компаниясы ШҚО филиалы директорының орынбасары:
- Мердігерлермен жасалған келісімшарт бойынша жоспарларымыз орындалмай аяғына дейін отыр. Келісімшарт орындалмаса, тиісті заңды шаралар қолданылады. Яғни келісімшартты бұзса, тиісінше заңды түрде айыппұл салынады.
Сонымен, әзірге Омбы-Майқапшағай жолын қайта жөндеу жұмыстарының нақты қашан аяқталары белгісіз болып тұр. Яғни Зайсан, Көкпекті, Тарбағатай ауданының халқы әлі де жақын жолды ұзартып Күршім арқылы айналмамен қатынауға мәжбүр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов