Қаңғып жүргендер қалыпты өмірден не себепті бас тартады?
Жергілікті полиция қызметкерлері бір күнде осындай 40-тан астам азаматты арнайы мекемелерге жеткізіп, әлеуметтік көмек көрсеткен. Алайда олардың арасында қалыпты өмірден бас тартатындары да бар екен.
Бұл жер полицейлерге жақсы таныс. Құбыр астында әкелі-балалы Құмаровтар тұрады. 62 жастағы Амангелді Құмаров кезінде жүргізуші болып еңбек еткен. Жұмысынан айырылған соң, баласы екеуі далада қалады. Осылай күн көріп жүргендеріне 20 жылдан асыпты. Кезінде әйелі тастап кеткен. Құмаровтар өткенімен бөліскенімен, сұхбат беруден бас тартты.
Аман Әбілбейісов, қалалық ПБ әкімшілік тәртіпте тұтқындалған тұлғаларды арнайы қабылдау орнының бастығы:
- Үй-күйсіз қаңғып жүргендердің орташа жасы – 30-50 жас. Басым бөлігі ішімдікке салынған. Қыста оларды орталыққа орналастырамыз. Мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Кезбелердің көбі әдетте жылу құбырларының ортасын паналайды. Олар күз, қыс айларында осы жерде тұрады да, кейін қайта дала кезіп кетеді. Полицейлер күніне 40-тан астам тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды анықтап, кейін арнайы қабылдау орындарына жеткізеді. Мамандардың айтуынша, оларды қалыпты өмірге оралтуға мүмкіндік бар. Бірақ нәтиже шамалы.
Бұрынғы тірліктеріне қайта оралғысы келгендер осы мекемеде тұрады. Қазіргі уақытта қиын жағдайға тап болғандарды әлеуметтендіру орталығында 115 адам бар. Басым бөлігі еңбекке қабілетті. Марина Катюхина мен Нұрлан Өтенов бұл жерге бір жыл бұрын түскен. Осы уақыт аралығында жұмысқа орналасып, өмірлері өзгерді.
Нұрлан Өтенов, қала тұрғыны:
- Осында келдім. Маған жеке куәлік істеп берді. Екінші қалалық ауруханаға тіркеді. Барып, көрініп жүрмін. Өмірім ақырын-ақырын жақсарып келеді. Үкіметтің пайдасын көріп отырмын.
Бір жылда үй-күйсіз жүрген 300-ге жуық азамат орталыққа жеткізіліп, 30-40%-і жұмыспен қамтылды. Барлығына әлеуметтік көмектің жеті түрі көрсетілген.
Гүлсан Жайықбаева, Қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы директорының орынбасары:
- Әр адам әрқилы. 100 кісі, 100 тағдыр. 100 адамның он адамы жақсы өмір сүріп кетсе, бұл – бізге үлкен нәтиже. Бұл кісілер – жарты жылдан 5-6 жылға дейін далада жүрген адамдар. Тағдырлары өте қиын. Негізі ішімдекке салынып, отбасыларынан айырылып, бізге келгендеріне сенбейді.
Ең қиыны, адамдарды емдеп, құжаттарын реттеу емес. Осы жерге орналастыру. Көбі бірнеше айдан соң бұрынғы тірліктеріне қайта оралады. Олар үшін бұл – өмір салты. Десе де әлеуметтік қызмет мамандары көмек көрсетуден аянбайды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат