Сайрам ауданында заңсыз жер қазу көбейді
«Сондықтан оңай олжаға құныққандардың дені осы жерге келіп, тас қазуға құмар. Жер қойнауын заңсыз пайдаланып, бір-ақ күнде байып шыққысы келеді. Ал оның қоршаған орта мен табиғатқа қаншалықты залал келтіретінін ойлап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ», - дейді жергілікті ауыл тұрғындары.
Ерлан Көмекбаев, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:
- Ақсу жайылып ағатын. Жайылып аққан кезде жан жағындағы ағаштар, өсімдіктер өте қалың болатын. Ну орман болып жататын. Соңғы кезде біреу заңды, біреу заңсыз карьер есебінде пайдаланып, зиянын тигізіп отыр. Ақсу ауылдың ішімен ағады. Соны бұлар тас шаю дегенге пайдаланады. Мына жақта ел бақшасын суғара алмай жатыр, бұлар сол сумен тас шайып жатыр.
Өткен жылға дейін Ақсу өзенінің бойында арнайы лицензия алып, заң аясында 23 кәсіпорын жұмыс істеген. Ал заңсыз жер қазғандардың нақты саны белгісіз. Сондықтан ауыл тұрғындары облыс әкіміне ұсыныспен шығып, табиғатты тонаушылардың заңсыз әрекетін тоқтатуды сұраған болатын. Көптің тілегі бойынша арнайы жұмысшы топ құрылып, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 35 жер қойнауын заңсыз пайдаланушы анықталған.
Шухратулла Убайдуллаев, аудан әкімінің орынбасары:
- Заңсыз жер қойнауын пайдаланушылардың 14-іне айыппұл салынды. Сегізінен құқықбұзушылық байқалып, қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдарында қаралуда. Су қорғау аумақтарында орналасқан төрт карьер анықталды. Олардың келісімшарттары тоқталып, су қорғау аумағынан тыс жерге шығу туралы ұсыныс берілді.
Экологтар құм мен қиыршық тасты заңсыз өндіру табиғатқа орасан зор зиян келтіретінін айтады. Біріншіден, өзеннің табаны шөгіп, су жоғарыға шықпай қалады. Екіншіден, қияршық тасты өңдеу кезінде ауаға шамадан тыс шаң-тозаң тарайды. Үшіншіден, пайдалы қазбалар өндірілген орындар қалпына келтірілмейді. Тасы алынып, орны үңірейіп қалады.
Ұлан Жүсіп, облыстық экология басқармасының бас маманы:
- Былтыр заңсыз жер қойнауын пайдалану дерегі бойынша Сайрам ауданынан тоғыз дерек анықталған. Ірі залал келтірген. Сол деректер бойынша ауданда қоршаған ортаға 2 млрд 66 млн теңге залал келтіргені анықталды.
Жауапты мамандардың айтуынша, қазір Ақсу өзенінің бойында бірде-бір карьер жұмыс істеп жатқан жоқ. Лицензиясы барларының да жұмысы тоқтатылған. Ал жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға аса ірі көлемде айыппұл салынады. Ал оны елемегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш