Елімізде электр энергиясының 80%-ке жуығы көмірден өндіріледі
Қазақстанда электр энергиясының 80%-ке жуығы көмірден өндіріледі. Бұл экология мәселесін ушықтырып отыр. Атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары. АЭС-тен алынатын энергия экологиялық жағынан ең таза әрі қауіпсіз. Десе де қоғамда екіжақты пікір бар.
«Халық арасында түсіндіру жұмысын кеңінен жүргізу керек. Ал мамандарды Қазақстанда дайындауға болады». Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің пікірі осындай. Оның айтуынша, атом электр станциясы салынған жағдайда онда 2 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Атом энергетикасы ел экономикасының дамуына оң әсер етеді. Мұнай мен газға деген тәуелділікті азайтады. Оған қоса жарықты тасымалдаудан құтқарып, тапшылықтың алдын алады.
Саябек Сахиев, ядролық физика институтының бас директоры:
- Біз радиациямен жұмыс істеуді білеміз. Ядролық физика институтына 57 жыл болды. Су зерттеу реакторы бар. МАГАТЭ үшін зерттеу реакторы мен атом электр станциясына қоятын талаптар бірдей. МАГАТЭ жылына бір рет ескертпей және ескертіп келіп тексеріп тұрады. Осы 57 жылдың ішінде бір рет те қателік тапқан емес. Ешқандай бір радиация сыртқа шыққан емес. Сондықтан біз радиациямен жұмыс істей аламыз. 2035-те біздің жоспар бойынша егер референдум, әрине, Қазақстан халқы қолдайтын болса, 2035 жылы салынып, ол толық қуаттылығына шығуы қажет.