Бойы 203 см сарбаз Отан алдындағы борышын Ақтауда өтеп жатыр
Азат Мұхамедовтың бойы 2 метр, 3 сантиметр. Қатардағы қарулас жолдастарын бастап жүретін жауынгерге шақ келетін киім табу да оңай емес. Әскери бөлім басшылығы оған аяқ киімді арнайы тапсырыспен алдыртады екен
Бойы 2 метрден асатын жас сарбаз – Алматы облысының тумасы. Ол борышын өтеуге келген әскери бөлім басшылығы алғашында абдырап қалғанын айтады. Десек те жауынгерді керек-жарақпен қамту – Армияның міндеті. Азатқа екі киімнен бір әскери форма тіккізіп беріпті.
Азат Мұхамедов, №25744 теңіз жаяу әскері бригадасының жауынгері:
- Отбасымда бәрі ірі. Анамның бойы 1,74. Әкемнің бойы 1,86. Інім бар, бойы 1,83. Ең үлкені мен. Бала кезімнен бойым ұзын болды. Спортта да аса ауыр салмақта бокстастым. Бойымның ұзындығы көмектесетін.
Бокстан спорт шеберіне үміткер Азат Армияға дейін бірқатар жарыста топ жарған. Қазір теңіз жаяу әскері бригадасына қарасты артиллериялық дивизионда көздеуші оператор қызметін атқарады. Әдетте снаряд атылған соң зеңбірек келесі орынға қолдың күшімен көшіріледі. «Мұндай сәтте батыр тұлғалы жауынгердің қасымызда болғанына өзгелер қызыға қарайды», - дейді қарулас жолдастары.
Мұхаметәли Сатқұлов, №25744 теңіз жаяу әскері бригадасының офицері:
- Сарбазға киім үлгісін біз арнайы тапсырыспен тіктірдік. Ондай ірі сарбаздар көптеген спорттық ойынға – ережесіз жекпе-жекке немесе гір көтеру сияқты үлкен жарыстарға қатысып тұрады. Асханаға барған уақытта оған қосымша азық беріледі.
Асханада Азатқа екі сарбаздың тамағы беріледі. 20 жастағы жауынгер Отан алдындағы борышын өтеген соң бокстан үлкен спортта бағын сынап көрмекші. Оған дейін шаршы алаңда жұдырықтасу тәсілдерін әскери ұрыс қимылдармен қатар меңгеруді шешкен.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев