Қызылордада 72 кәсіпкерге аукцион арқылы жалға берілген жер қайтарылып алынуы мүмкін
Алайда жергілікті атқарушы органның бұл шешімі заңға сәйкес келетініне кәсіпкерлер күмән келтіріп отыр. Олар бізге әкімшілік кедергі келтірілуде деген пікір білдірді. Әкімдік сауда-саттыққа шығарған жерді кейін қайтарып алуға не себеп?
Қызылорда қаласының сол жағалауынан аукцион арқылы жер телімін алған кәсіпкерлердің бірі – Еділ Саркөбен. Ол бұл жерге еңселі бизнес орталығын салуды жоспарлаған. Алайда қала әкімдігі оның эскиздік жобасын бекітпей, тіпті арада бір жыл өтпей жатып жерді қайтарып алу мәселесі көтерілген.
Еділ Саркөбен, кәсіпкер:
- Бас жоспарға сәйкес келмейді, заңсыз таратылып кеткен, аукционды заңсыз өткізген деген сияқты штабтың негіздемелері көрсетілген. Бұл себептер, қысқаша айтқанда, сылтау сияқты.
«Сауда-саттық арқылы алған жерлерге нақты қандай нысан салыну керек екенін әкімдік алдын ала ескерткен жоқ», - дейді кәсіпкер. Ал қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы: «Біз бұл жерлерді заң аясында үлестірдік, онымен келіспей отырған облыс әкімдігі», - дейді.
Ғабит Қожахметов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- 72 жерді бас жоспарға сәйкес келеді деп ұсыныс бергенбіз. Алайда облыс әкімі тарапынан жұмыс тобы оған мән бермей: «72 жерді мемлекет меншігіне қайтарсын», - деп отыр.
Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жобасын жүзеге асыру жөнінде құрылған облыстық штаб Еділ Саркөбендікі сияқты 72 жер телімін қайтарып алу қажет деп шешкен. Алайда кәсіпкерлер палатасының өкілдері бұл шешімнің заңдылығын тексеру керек деген пікірде.
Ғалымбек Жақсылықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Мамандардың айтуы бойынша, облыстық штабтың шешімімен бұл кісілер жер учаскесін кері қайтару жұмыстарын атқарып жатыр. Біз өзіміздің тарапымыздан облыстық штабтың құзіреттілігін қарау жөнінде прокуратураға хат жолдаймыз.
Салынатын ғимарат эскизін бекітуге қатысты туындаған мәселелерді мемлекеттік қызмет істері агенттігі де зерделейді. Ол үшін әкімшілік кедергілерге тап болған кәсіпкерлер осы құзырлы органға арыздануы керек.
Берікбол Байқожаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының м.а.:
- Бұл жерде ҚР ӘҚК сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға байланысты әкімшілік жауапкершілік бар. Сонымен қатар тәртіптік мәселе де қаралуы мүмкін. Тиісті шара мекеме басшысына қолданылады.
Жаңа кәсіп көзін ашып, ондаған адамды жұмыспен қамтуға ниеттенген азаматтардың мәселесі осылайша құзырлы органдардың назарына алынды. Ал кәсіпкерлер сөне бастаған үміт ұшқыны қайта жанады деген сенімде.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов