Қарағанды облысындағы екі шахтада жаңа біліктің құрылысы жүріп жатыр
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының «Тентек» шахтасындағы жаңа біліктің диаметрі 8, тереңдігі 830 метр. Бетоннан құйылған вертикалды құдық техникалық қауіпсіздік талаптарына сай салынып жатыр. Бұл нысан жер астындағы ауа циркуляциясын қамтамасыз етіп, жұмысшылар мен оларға қажет материалдары тасымалдау ісін жеңілдетеді.
Төлеген Шаяхметов, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы «Тентек» шахтасының директоры:
- Бұл шахта білігінің құрылысы көмір өндірісінің болашағы жарқын болуына өз септігін тигізеді. Өйткені біз сол арқылы 30 миллион тонна коксталған көмір қорын ашқалы отырмыз.
Күзембаев атындағы шахтада да жаңа білік пайда болады. Тереңдігі 560 метрлік бұл нысанның орны осыдан 25 жыл бұрын әзірленген еді. Бірақ ол кезде түрлі себепке байланысты жұмысы тоқтатылған болатын.
Сергей Шуберский, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Т. Күзембаев атындағы шахтасы директорының м.а.:
- Шахтада 2018 жылдан бастап жаңа блоктарды дамыту жұмыстары қолға алынды. Мұндағы коксталған көмір қоры шамамен 24 миллион тоннаға жуықтайды. Сондықтан шахтаны қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып игеріп, өндірілетін көмір көлемін арттыру үшін бұл желдеткіш білік бізге ауадай қажет.
Құрылыс басында жаңа технологиялар қолданылуда. Шахталардың жаңа білігі озық үлгідегі жабдықтармен және заманға сай өндіріс алаңдарымен қамтамасыз етіледі.
Василий Тонких, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы күрделі құрылыс бөлімінің басшысы:
- Мұндағы жұмыс істеу шарты өте күрделі. Алғашқы 100 метрді жерге тоң қатыра отырып қазуға тура келеді. Өйткені жан-жақтан су кетіп қалуы мүмкін.
Бұл жобаларды жүзеге асыру мақсатына 80 миллион доллардай инвестиция тартылды. Шахта біліктерінің құрылысын аяқтау үшін шамамен екі жылдай уақыт қажет.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Юлана Чаус, Сайран Ақамбаев