Маңғыстау облысында мемлекеттен қайтарымсыз грант алған ауыл азаматтары жерлестерін жұмыспен қамтып отыр
Былтыр бір ғана Түпқараған ауданында грант ұтқан 55 тұрғын қазір кәсібін дөңгелетіп отыр. Бірі жеңіл көлік бөлшегін құрастыру цехын ашыпты. Мұндай жоба өңір тарихында алғаш рет қолға алынғанын айта кету керек. Тағы бірі емдеу орталығын салып, медициналық құралдарды шетелден алдыртқан. Енді Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылының халқы бұрынғыдай Ақтауға сабылмайтын болды.
Автокөлік бамперін құрастыру цехы. Мұндай цех Маңғыстау өңірінде әзірге жалғыз. Түпқараған ауданының тұрғыны шағын кәсіпорынды биыл іске қосты. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 5 млн теңге грант жеңіп алған. Көлік бамперін құрастыратын кәсіпорынға тапсырыс толассыз түсіп жатыр. Мұндағы 2 жұмысшы отандық әрі шетелдік машиналардың бөлшегін жасап жүр. Шикізат шетелден келеді.
Ақылбек Болатов, цех шебері:
- Көліктің түпнұсқа бамперін алып, содан матрица-қалып жасаймыз. Сол қалыптан әрі қарай бамперлер шыға бастайды. «Стекломат», «смола» деген заттардан шығады, құрастырылады. Олар Ресейден келеді. Ресейге Финляндиядан келеді. Тапсырыс бар. Күніне 3-4, 10-ға дейін барған уақыттар болды.
Ауыл кәсіпкерлері мемлекеттен қаржылай қолдау алып қана қоймай, өңірлік бағдарламаның да шарапатын көріп отыр. Солардың бірі – Тәжіхан Ізтұрова. Тәжірибелі дәрігер зейнетке шыққан соң, бизнеске бет бұрған. Ақшұқыр ауылында емхана тұрғызып, 23 адамды жұмысқа алыпты.
Тәжіхан Ізтұрова, кәсіпкер:
- Өз күшіммен бастадым. Содан кейін 1%-тік несие алып, осыны үлкейтіп салдым. Керекті құрал-жабдықтардың бәрі заманауи түгел қамтылған. Ең соңғы алғаным осы рентген аппараты. Халықтың алды келіп сұрап: «қашан қосасыз, қалаға барғымыз келмейді, барсақ, барлық жерде кезек», – дейді. Бізге келген пациенттер сақтандырылған болса, тегін алады. Екіншіден, осы емханаға тіркелген болса, тегін алады.
Жасұлан Сағынов, Түпқараған ауданы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:
- 2021 жылдың қорытындысымен 34 кәсіпкеріміз 312 млн теңгеге шағын несие алды. 41 жаңа жұмыс орнын құрды. 14 кәсіпкер 30 млн теңгеден әрқайсысы мемлекеттен қолдау алды. «Бизнестің Жол картасы-2025» бағдарламасымен 3 кәсіпкер 2-5 млн теңгенің аралығында қайтарымсыз грант алды. Одан бөлек, Таушық ауылында балықты ыстатылған күйінде жасап шығару бар. Ол кісілер де 4 млн теңге көлемінде несие алды.
Түпқарағанда жылыжай бизнесі де көркейіп келеді. Мәселен, Ақшұқыр тұрғыны былтыр 140 тонна өнім алған. Қайтарымсыз грант қаржысын газ құбырын тартуға жұмсап жатқанын айтады. Көлемі 1 гектарлық жылыжай биылдан бастап жыл бойы үзіліссіз жұмыс істемек. Жазға қарай 15 адам жұмысқа алынады. Өйткені, 250 тоннадан қияр-қызанақ жинау жоспарда тұр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев