Теміртаулықтар жылу және ыстық сумен толық қамтамасыз етіледі
Саны бойынша жетінші қазандық 2023 жылдың соңына қарай пайдаланылуға берілмек. Жобаның басты мақсаты – теміртаулықтарды жылу және ыстық сумен толық қамтамасыз ету. «Ең бастысы, қазандықты салу кезінде барлық экологиялық талаптар ескерілді», - дейді мамандар.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Теміртаудағы № 2 жылу электр станциясында жеті қазандықтың құрылысын салып жатыр. Мақсат – қаланы ыстық сумен қамту қарқынын жақсарту және ауаның ластану деңгейін анағұрлым азайту. Бұл жобаны 2023 жылдың күзінде аяқтау жоспарланған.
Банерджи Субхраджиоти, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жобалар жөніндегі менеджері:
- Қазақстанда күл мен шаң, күкірт оксидінің қоршаған ортаға таралуын шектейтін ылғалмен тазалау технологиясы енгізіліп жатыр. Яғни екі контурлық эмульгатор орнатылады. Қазандықтың іргетасын қалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жоба менеджерінің айтуынша, қазандық пен оның металдық құрылымдарын жөндеу, монтаж жұмыстары бәрі кесте бойынша орындалуда. Яғни ешқандай кешігу жоқ, құрылыс уақытылы аяқталмақ. Жаңа қазандықта жанармайдың бірнеше түрі пайдаланыла береді. Бұл – ауаның ластануын азайтуға сеп. Бұған қоса осы заманғы шаң тазалағашы жабдық орнатылады.
Андрей Парамонов, Теміртау қаласы №2 ЖЭС директоры:
- Жеті қазандықтың құрылысы қаланың қуат тапшылығы мәселесін шешеді, теміртаулықтарды ыстық су және жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сәуірге дейін бас корпустың құрылысын аяқтап, монтажға көшуіміз керек. Қазір барлық жұмыстың 40% орындалды. Құрал-жабдықтың 90% жеткізілген, монтажға дайын тұр.
Көмір бункерлерінің жұмысына қажет ескірген метал құрылымдарын ауыстыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Екі көмір үгіткіш нысанның іргетасын тұрғызу үшін жерүсті жұмыстары басталды. Айта кетейік, қазір № 2 жылу электр станциясында алты қазандық жұмыс істейді. «Жаңа жетінші қазандық қаладағы қуат тапшылығын жояды», - дейді мамандар.
Авторы: Индира Жылқайдарова