«Қайтарымсыз грант» қайтарылсын! – СҚО әкімдігі
Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Борисевичке асфальт сыпырып, қар тазалауға арналған агрегат ойлап тапқаны үшін мемлекеттен 4 миллион теңге көлемінде грант берілген. Өнертапқыш бұл қаражатқа жобасын жетілдіріп, тіпті паттентеп алған. Ал облыстық Кәсіпкерлік басқармасы ақшаны тиісті мақсатқа игермегені үшін, сотқа жүгінген.
Тіркемелі көше тазалау машинасын жасау үшін Евгений Борисевич бірнеше жылын сарп еткен. Айтуынша әзірге елімізде мұндай құрылғының баламасы жоқ. Жазда көше сыпырады, ал қыста қар тазалай алады.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Бұл агрегат автоматты түрде жұмыс істейді және бір сағатта шамамен 54 мың шаршы метр аумақты тазалай алады. Тағы бір ерекшелігі 30 адамның еңбегін бір өзі атқарады.
Өнертапқыштың машинасы комбайн принципіне негізделген. Яғни қармен қоқысты жинап, иірмек арқалы тіркемеге көтереді. Қажет болса, көшені шаңдатпау үшін су себеді. Евгенийге 2020 жылы инновациялық жобасын жетілдіруге мемлекет тарапынан 4 миллион теңге көлемінде грант берілді.
Евгений Борисевич, өнертапқыш:
- Мен алған ақшаны толығымен игердім. Ол қаржы тіпті керек дүниеме жетпей қалды. Екі бірдей машина құрастырдым. Олар міне дайын тұр. Бұл техниканың құны қазір шамамен 18 миллион теңге.
Қайтарымсыз грантты қайтаруға не себеп болды? Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін әкімдік өкілдеріне жүгіндік.
Нұржан Садықов, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары
- Заң бойынша арнайы комиссия мемлекеттік грант ұтып алғандардың жобаларына мониторинг жасайды. Сондай тексеріс кезінде мамандар бұл кәсіпкердің жобасы әлі жүзеге аспағанын анықтаған. Кейін бөлінген қаржыны банктен өзі шешіп алған. Талап бойынша бұл қаражат қолма-қол шешілмеуі керек. Оның үстіне тиісті есепшоттары да жоқ. Сондықтан біз оны сотқа бердік.
Жалпы 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысында азаматтарға 116 миллион теңгенің 30 мемлекеттік қайтарымсыз гранты берілді. Ал оның бесеуі қазір сотта қаралып жатыр. Себебі бұл азаматтар «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасында көрсетілген талаптарды орындамаған.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев