Балалар ауруханасындағы жөндеу 6 айдан бері тоқтап тұр
Екі жыл бұрын басталған жөндеу ісі әлі күнге бітер емес. Оған тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы дау-дамай себеп. Қазір екі жақ соттың шешімін күтіп отыр. Ал сырқат балалар облыстық аурухананың басқа бөлімінде жатып, ем қабылдауға мәжбүр.
Қостанай облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеу 2020 жылдың тамыз айында басталды. Оған республикалық бюджеттен 1 миллиард 204 миллион тенге бөлінген. Бұл ақшаға қарағандылық мердігер компания алты айдың ішінде аурухананың екі корпусын ине-жіптен өткендей жаңартып шығу керек еді. Үлгіре алмады. Одан кейін сот шешімімен келісімшарт мерзімі жарты жылға ұзартылған. Алайда бұл аралықта да жұмыс бітпеді. Оның себебін мердігер компанияның өкілі былай түсіндіреді.
Ирина Вохмякова, құрылыс бригадасының басшысы:
- Біз жұмысты бір ай кеш бастадық. Себебі аурухананың бірінші корпусы бос болған жоқ. Ал екінші «Б» корпусын 7 қаңтар ғана босатты. Ал біз жөндеуді араға алты ай салып, маусым айында ғана бастадық. Өйткені тапсырыс берушінің қолында не техникалық, не авторлық бақылау құжаттары болған жоқ. Ал онсыз біз жұмысқа кірісе алмаймыз.
Бірақ соған қарамастан бірінші корпусты толық бітіріп, екінші корпуста жұмыс ауқымының 97% атқарып болғанын айтады. Енді қалған ұсақ-түйекті аяқтауға мұрсат бермей отыр. «Қол қойылған актіге сай ақысын да төлегісі жоқ», - дейді мердігер.
Серікбай Құсайынов, мердігер:
- Бас дәрігер келісіп, бекіткен акт бойынша 103 миллион теңге әлі күнге төленген жоқ. Бүгінгі күні тапсырыс берушінің бізге жалпы қарызы 204 миллион теңге шамасында. Өткен жылы келісімшартты біржақты бұзды да, нысанға кіргізбей қойды. Енді өзі қабылдап алған жұмыс ауқымы үшін де есептескісі келмейді.
Ал тапсырыс беруші облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ұлықбек Асылбековтың айтар өз уәжі бар. «Жөнделуге тиісті екі корпус уақытылы босатылып берілді, ал жұмыс көлемі мен сапасына тиісті мамандар өз бағасын береді», - деп қысқа қайырды.
Ұлықбек Асылбеков, Қостанай облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
- Корпустарымыз уақытылы босатылған. Олардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Енді жағдай жасалғаннан кейін уақытысында бітуі керек. Соттың үкімі бойынша құрылыстық экспертиза жүргізіліп жатыр. Қанша жұмыс біткен-бітпегенін тек экспертиза айтады.
Аурухананың ішкі жөндеу жұмыстарын көріп, таспаға түсіруге бізге рұқсат берілмеді. Сот: «Құрылыс сараптамасының қорытындысы шықпай кіруге болмайды», - дейді. Ал арнайы тексеріс жүргізген мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылау басқармасы бекітілген жобаға сәйкес келмейтін тұстары бар екенін анықтаған.
Сүйініш Байбәкіров, мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының бөлім басшысы:
- Құрылыс-монтаж талаптарын бұзудың бірнеше жайты анықталды. Соның ішінде негізгілерінің бірі – желдеткіш құбырының төбежабын арқалығымен қиылысатыны. Жобамен қиыспайтын бұдан да басқа өзгерістер бар. Мысалы, құр сылақ болуға тиісті жерлерге кафель салынған. Ал ол жобалық-сметалық құжатқа енгізілмеген. Осындай жағдайға байланысты құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтатып, жобаны қайтадан сараптамадан өткізу туралы ұйғарым шығардық.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Сонымен, жарты жыл бойы тоқтап тұрған облыстық балалар ауруханасын жөндеу жұмыстары қашан жалғасатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Қазір дауласқан қос тарап сот құрылыс сараптамасының қорытындысын күтіп отыр. Одан кейін мынау сот қабырғасында іс қарау басталады. Оның қаншаға созылары тағы беймәлім. Сондықтан үлкен ағалар айтысып-тартысып болғанша, сырқаттанып қалған балалар басқа жерлерде ем-дом қабылдауға мәжбүр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг