Хабар телеарнасы

LRT қашан іске қосылады?

Созбалаңға салынған ЛРТ жобасының бүгінгі жайы қандай? Биылғы көктем сақалды құрылысқа жан бітті. Енді қашан аяқталады?  Бюджеттен бөлінген ақша жетіп жатыр ма?

Соңғы күндері жеңіл рейсті көліктің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сол себепті елорданың біраз көшелері жабылып, жол жүру бағыттары өзгерген. Бірақ Астана тұрғындарын құрылыс алаңындағы қауіпсіздік пен ЛРТ-ның дауысы алаңдатып отыр.

Дауыл тұрса бағандары қисайып, автокрандары құлайтын ЛРТ. Ел аузында жаманаты шыққан сақалды жобаға қайта жан бітті.  Бірақ тұрғындар құрылыс басталғалы уақытша орнатылған көпірдің қауіпсіздігіне күмән келтіреді.

БЛИЦ-сауалнама:
- Басқа өтетін жер жоқ, амал жоқ. Менің үйім мына жерде.
- Өте қауіпті. Мыналарда ешқандай белгі қойылмағанөмірін сақтау жөнінд. Мысалы, ана төбеден бірнәрсе түссе, қата қалмаймыз ба?  Сондықтан белгілер қою керек. Балалар өтіп жатыр, үлкен де, кіші де өтіп жатыр.

Жоба бойынша «Нұрлы жол» вокзалынан әуежайға дейін созылатын ЛРТ қаланың негізгі көшелерін басып өтеді. Кептелісті жеңілдететін жеңіл рейсті көліктің ұзындығы 22,4 шақырым болмақ. Көпшілік құрылыс қашан бітеді деп алаңдаулы. Ал құрылыс маңындағы тұрғындардың уайымы басқа.  

Жәзира Юсупова, қала тұрғыны:
- Міне, тұр ғой үйім. Үйім осы жаққа қарайды. Дауысы кедергі. Тіпті бізге машина жүргені кедергі жасайды. Мынаны енді не болатынын елестете алмаймын.

Нұржан Беков,  ЖШС басқарушы директоры:
- Ол жерде көптеген заманауи техникалық шешімдер бар. Жобалық шешімдер бар. Оны айтып кеткендей ол мысалы, «безстыковочный шов»,- дейді. Яғни теміржол жүрген кезде ұрылған дауыс шығады ғой, бізде мысалы, сондай дауыс шықпайды. Қосымша кейбір жерде жүзетін демферттер бар, ол сол дірілді азайтады. Сондай сияқты көптеген шаралар қарастырылған.

Көпшілік  жемқорлықтың белгісі деп кеткен жалаңаш бағандар көп ұзамай пайдаға аспақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен былтыр қайта қолға алынған құрылыс басында қазір жұмыс қыза бастаған. Бюджеттен қаржы да бөлінді. Қалай игеріліп жатыр?

Нұржан Беков,  ЖШС басқарушы директоры:
- Жалпы бізге ағымдағы жылы бөлінген қаражат 28,4 млрд теңге болып табылады. Біздің жоспарымызға сәйкес, барлық бетондық жұмыстарды бітіруді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 22 шақырымды құрайтын эстакада құрылысы және 18 бекеттің негізгі бетондық жұмыстары. Толық аяқталуы қаражаттың бөлінгеніне сай анықталады.

Болашақта күніне 30 мың жолаушы тасымалдай алатын ЛРТ-ның құрылысна кіріскендер, қаржы үзілмесе ертерек аяқтаймыз деп отыр. Сақалды құрылысты аяқтап, ел игілігіне беру үшін  шамамен 600 млрд теңге қажет екен.

Алуа Маханбет, Қобылан Өтегенов