Шымкентте Бадам өзенінің арнасын бұру жұмыстары қолға алынды
Жылда өзен жағасы кеңейіп жатқандықтан, осы маңға жақын орналасқан үй иелері алаңдап отыр. Ал төтенше жағдайға жауапты сала мамандары: «Тасқын суды алдын алу шараларын бақылауда ұстап отырмыз», – дейді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Жылан бұзған елді мекенінен өтетін Бадам өзенінің арнасын бұру жұмыстары басталды. Осылайша, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері су деңгейі төмен кезде көктемгі тасқынды болдырмауға қамданып жатыр. «Әйтпесе ағысы қатты өзен аумағана жағалай орналасқан үйлерге қауіп төнуі мүмкін», – дейді.
Таудың қар ерінділері мен жауын-шашыннан соң жиылған су Бадам өзеніне қосылады. Сөйтіп, өзен арнасын толтырып, тасу қаупі үдейді. Жылдан-жылға өзен жағасы кеңейіп, жанастырып салған үйдің ауласы тарылып жатыр. Үйінде үрейленіп отырғандардың бірі – Әли Мұстапаев.
Әли Мұстапаев, Жыланбұзған ауылының тұрғыны:
- Бізде бір проблема – осы Бадам жағасы. Мынаны қарасаңызшы, мына жерден 10-15 метр шайып кеткен. Көктемде апат болады, тауда қар ериді соның әсері бізге тиіп жатыр. Қанша жер кетті.
Мадияр Жақсыбаев, қалалық ТЖД басшысы:
- Жол картасына енгізілген он участкенің алтауы Бадам өзенінде орналасқан. Қазіргі таңда Жыланбұзған елді мекенінде мына жағалауларды нығайту жұмыстары бойынша жүргізіп, үйлерге қауіпі бар жерлерге 12 техника тартып, тиісті алдын-алу жұмыстары толығымен жүргізілуде.
Алайда тұрғындардың дені өзен жағасын бетондап, нығайту жұмыстарын жедел жүргізу керек деп есептейді. Су деңгейі түскен кезде арнаны бұру бос әурешілік деп отыр.
Ибрагим Теміров, Жыланбұзған ауылының тұрғыны:
- Егер жағаны шектемесе, істеп жатқандары бес тиын болады. Мынау су деген шайтан. Бір жақа бұрса, екінші жақа айдап кете береді. Ертең су келсе, мынаның бәрін алып кетеді. Мықтап жасамаса болмайды.
Су басуы ықтималдылығы жоғары Жыланбұзған елді мекенінде № 104 эвакуациялық пункт өз жұмысын бастады. Мектеп жанынан ашылған орталықта тұрғындарға түрлі қызмет көрсетіледі. Апат айтып келмейтінін ұғынған мамандар кез-келген жағдайда жедел әрекет етуге дағдыланған.
Авторлары:Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы