Қарағанды облысында азаматтарды жұмыспен қамтудың жаңа моделі енгізілмек
Бірақ жұмыспен қамту орталығында 6,5 мыңға жуық бос орын бар. Өңірге техникалық және жұмысшы мамандары тапшы. Дисбалансты жою мақсатында жұмыспен қамтудың жаңа моделі енгізілмек. Көшпелі жұмыспен қамту орталықтары облыстың шалғай ауылдарына барып, бос жұмыс орындарын ұсынады.
Төлеу Жалбыров Бұқар жырау ауданынан 50 шақырым қашықтықтағы Белағаш ауылында тұрады. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргеніне біраз уақыт болыпты. Көшпелі жұмыспен қамту орталығына үлкен үміт артып отыр.
Төлеу Жалбыров, ауыл тұрғыны:
- Бұрын 2,5 жыл Ботақара Су қожалығында слесарь болып жұмыс істегенмін. Қазір жұмыс керек болған соң, қайта іздеп жүрмін, сол үшін келдім. Ауылда тұрған соң, жұмыс аз. Бүгін тіркеліп қойып, кейін жұмысқа кірейін деген едім.
Төлеу Мұхтар, облыстық Жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары:
- Біз бүгінде жұмыссыздар қашан бізге келеді деп күтіп отырмай, тікелей жұмыс жасап жатырмыз. Өзін-өзі қамтыған азаматтар шоғырланған жерлерге тікелей барып, тікелей жұмыспен қамту шараларын жүргізіп, нақты жұмысқа тартуға болады.
Кәсіппен айналысуға бөлінетін грант көлемі былтыр 600 мың теңге шамасында болса, биыл 1 млн 200 мыңға дейін өсті. Десе де ауданда былтырғы грантпен-ақ кәсібін ашқандар бар. Соның бірі – мүмкіндігі шектеулі жан, көп балалы ана Алмагүл Шағдабай.
Алмагүл Шағдабай, жеке кәсіпкер:
- Мемлекеттік грантқа аппарат, сепаратор және мұздатқыш сатып алдым. Жұмысқа қабылдап алған кісім бар, ол шаруашылық бойынша көмектеседі, бірақ сүт өнімдеріне өзім жауаптымын. Алдағы жоспарым – осы сүт өнімдерін сататын шағын дүкен ашсам деп ойлаймын.
Биыл Бұқар жырау ауданында «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс» жобасы аясында жүздеген жас маман жұмыспен қамтылады. Ал облыс бойынша «Бизнес бастау» жобасымен 1200-ден астам адамды оқыту жоспарланған.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков