Қарағандыда адам қаққан автобус жүргізушісі қылмыстық жауапкершіліктен босатылды
Қарағандыда базар аумағында жаяу жүргіншіні қағып өлтірген автобус жүргізуші қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Бұл оқиға былтыр 2 қарашада Бұқар жырау даңғылында болған. Кейінірек әлеуметтік желілерде бейнежазба тарады. Ол жерден қаза тапқан азаматтың өзі автобустың астына жүгіргенін анық көруге болады. Жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушыларға лық толы көлік жүргізуші тежеуішті басқанымен, автобусты бірден тоқтата алмаған.
Санжар Әділов, облыстық ПД бастығы:
- Біз қажетті сараптамаларды алып, тергеу эксперименттерін жүргіздік. Қолымызда бақылау камерасына түсірілген бейнежазба да бар. Сот сараптамасы негізінде автобус жүргізушісінің жаяу жүргіншіні айналып өтуге немесе көлікті бірден тоқтатуға мүмкіндігі болмаған деген қорытынды жасалды. Прокуратура келісімі бойынша қылмыстық іс тоқтатылды.