Мамлютка қаласындағы қазандықтар апаттық режимде жұмыс істеп тұр
Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка шаһарында қазандықты сенімді басқаруға алатын коммуналдық компания сол күйі табылмады. Салдарынан мұндағы пештердің бірі істен шықты. Ал екіншісі апаттық режимде жұмыс істеп тұр. Әрі аудандық әкімдік кәсіпкердің жұмысын қабылдамай отыр. Енді ортақ шешімге келе алмаған екі тарап сотта кездеспек.
Бұл – Мамлютка қаласында былтыр күзде ғана іске қосылған жылу қазандығы. Айналасы бес айда орталықтағы қондырғылар жарамсыз болып қалған. Себебі нысанды сенімді басқаруға алатын лицензиясы бар арнайы компания сол күйі табылмады. Кәсіби маманның жоқтығынан, қазандықтар апаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Руслан Құсайынов, пеш жағушы:
- Бірінші күн ғана келіп тұрмын. Артық ештеңе білмеймін. Механизмін түсіндірді. Жағып жатырмыз. Жаман емес. Енді одан артық не керек?
Қазір аталған нысан қаланы қардан тазалайтын кәсіпорындардың біріне уақытша күтіп ұстауға берілді. Тариф бекітілмеген соң, абонеттер төлем жасалмайды. Сондықтан бұл мақсатқа бюджеттен тағы бес милилон теңге қаржы бөлінді. Ал мердігердің жұмысын аудандық әкімдік сол күйі қабылдамаған.
Евгений Лебедько, кәсіпкер:
- Қондырғыларды күтіп ұстап, тұрақты түрде тексерістен өткізіп тұру қажет. Соңғы жарты жылда бұл шаруалар мүлдем атқарылмады. Себебі мұнда білікті маман жоқ. Резервтік қазандық мүлдем істен шыққан. Оның үстіне менімен жасалған келісімшартқа қол қоймай, қазандықты басқа кәсіпорынға коммерциялық мақсатқа берген. Ертең енді мұның барлығын кім қалыпына келтіреді?
Нысанды сенімді басқаруға беру үшін алты рет байқау жарияланған. Бірақ еш нәтиже жоқ.
Владислав Лукин, аудан әкімі:
- Біз кәсіпкердің жұмысын қабылдамаған себебіміз: ол құрылысқа кеткен шығынды бірнеше есе көбейтіп көрсеткен. Оны қайта есептеп, олқылықтардың барын анықтадық. Үнемделген қаржыны аудан бюджетіне қайтаруымыз керек. Енді көктемде нысанда тексеріс жүргізу үшін тәуелсіз компания табамыз. Олар барлық олқылықты анықтайды деген ойдамын
Кәсіпкердің айтуы бойынша бюджет қаржысын үнемдегісі келген аудан әкімі керісінше шығынға батты. Мердігер 10 милилон теңге берешегін қайтарып алу үшін экономикалық сотқа жүгінбек. Ал жылудың дұрыс берілмеуінен жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй уақытылы тапсырылмады. Жоспар бойынша ол өткен жылдың желтоқсан айында халық игілігіне берілуі тиіс еді.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов