Қарағандылық балықшылар: балық аулауды заңдастыру қажет
«Делдалдар мен тексеруші органдарға жем болдық» деген жүздеген адам жұмыстарын заңдастырып беруді сұрайды.
Балқаш көлінің жағасында орналасқан Шашубай кентіндегі тұрғындардың басым көпшілігі балық аулап күн көреді. Қазір жүздеген адам көкше көлдің белгілі бір бөлігін жалға алған кәсіпкерге жалданып жұмыс істеп жүр. Өйтпеске шара жоқ. Балық аулауға рұқсат қағазды тек солар береді, әрі қабылдау бағасын да өздері қояды екен. Сөйтіп, балықшылар әр лицензияны 20-30 мың теңгеге сатып алғанымен қоймай, күнделікті тапқан олжаларын да соларға арзан бағаға өткізуге мәжбүр. Бұдан шаршаған жұрт еш делдалсыз мемлекетпен тікелей жұмыс істеуді жөн көріп отыр.
Нұртас Өміршеков, Шашубай кентінің тұрғыны:
- Біздің сұрап тұрғанымыз резервный фонд, учаскелер бар безхозный, сол жерге балық аулауға рұқсат берсе. Біз тегін сұрап тұрған жоқпыз оны, бюджетке ақшасын төлейік, төлем тауып берсін бізге ойластырып. Ол төлемнің ішіне міндетті соц.отчислениелер кірсін, бюджетке түсетін төлемдер кірсін, сосын зарыбление, балықтандыру қайтадан. Өйткені балықты ала бергенмен ертең түк қалмайды ғой.
Балықшылардың айтуынша, Қытайда жасалған мына ауды қазір көл жағалаған шаруалардың бәрі қолданады екен. Заң бойынша тыйым салынғанмен, базарда ашық сатылып жатыр. Ау торкөзінің өлшемі мен жібінің қалыңдығы заңда көрсетілген нормаға сәйкес келмейді.
«Оның үстіне ұсынылған аудың бұл түрін табу қиын, әрі бағасы да қымбат», – дейді жұрт. Сондықтан қолда бар құралды заңдастырып бергенін қалайды. Балықшылар бұл өтініштерін Мәжіліс депутаттарымен болған кездесуде айтқан.
Айман Тұқбаева, облыстық Мәслихат депутаты:
- Балықшылар әркімге бір ақша төлеп, заңсыз жұмыс істеуден шаршағандарын ашық айтып отыр. «Заңға өзгеріс енгізілсе» деген тілектері бар. Барлық талап жауапты министрлікке жолданды. Енді олар балықшылардың уәжі қаншалықты орынды екенін әбден тексеріп, тек сосын ғана бір шешім қабылдайды.
Жуырда осы мәселеге орай екі мәрте қоғамдық тыңдау өткен. Оған 6 бірдей ауылдың балықшылары қатысты. Әзірге министрлік өкілдерінен жауап жоқ. Дегенмен мамандар Қытайда жасалған ауды заңдастырсақ, балықтың азайып кетуі мүмкін екенін де жасырмайды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев