Тобыл өңірі ауызсуға жарымай отыр
Мысалы, 2020 жылы ол небары 36% болса, былтыр 59% жетті. Алайда Тобыл өңірі әлі күнге таза су тұтынатын ауыл халқының саны бойынша елімізде көш соңында келеді. Тіпті тірек саналатын кейбір елді мекендер де тіршілік нәріне жарымай отыр.
Қарабалық ауданының Новотроицк ауылы. Ажары тайып, базары тарқай қоймаған елді мекенде 600-ден астам адам тұрады. Мектеп, мәдениет үйі бар. Былтыр ауыл ішіндегі 1,5 шақырым жол жөнделген. Мұндағы бір түйткіл – ауызсу тапшылығы. Кеңес дәуірінен қалған құбырлардың істен шығып, қолды болғанынан бері жергілікті халық тасымал суды тұтынады.
Бірімжан Есенқұлов, ауыл тұрғыны:
- Тұшы суды ТОО-дан жаздырып аламыз. Қыстыкүні тұшы суы бар жерлерден көлікпен тасимыз. Бухгалтериядан қағаз жаздырып аламыз.
Жалпы Қарабалық ауданында 44 елді мекен болса, соның 12-сі ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан жұртшылығы алдында есеп беру жиынында биыл тағы екі елді мекенге су құбыры тартылатынын айтты. Соның бірі – Новотроицк ауылы.
Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:
- Бұл мәселе есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша атқарылуы тиіс іс-шаралар жоспарына енгізілді. Сондықтан ерекше бақылауда ұстаймыз. Новотроицк ауылына құбыр тартып, жергілікті халықты сапалы ауызсумен қамту жұмыстарын 2023 жылы толық аяқтаймыз.
Жалпы биыл облыста ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 37 жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтсақ, 13 елді мекенге құбыр тартып, 40 ауылға су тарату пунктерін орнату жоспарланып отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг