Қызылорда облысында қуаңшылық қайталана ма?
Содан болар, осы жолы төрт түлікті қыстату былтырғыға қарағанда жайлы өткен.
Дегенмен жердің ылғалы қазір де аз екенін айтады малшы қауым. Жайылым мен шабындықтың жайы қалай? Қуаңшылық қайталанбай ма?
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Қуаңшылықта даладан қылтанақ таппай күйі кеткен малды қыстан аман алып шығу шаруалардың бас ауруына айналған еді. Бірі тонналап жем-шөп сатып алса, енді бірі малға жайлы жер іздеп кетті. Тәуекелге бел байлап жайылымға жібергендері де бар, қорада қамап отқандары да аз емес.
Қазалы ауданының қыр беткейіндегілер ірі қараларын көршілес Қармақшы, Жалағаш аудандары мен Қарағанды облысы аумақтарындағы отты жерлерде қыстатуда. «Бұл аумақта биыл да жердің ылғалы аздау», – дейді малшы қауым.
Есет Серімов, Қазалы ауданының тұрғыны:
- Жайылымдық далада көк, қызғалдақтар жапырақтары көрініп, тебендей болып, енді қылтиып шығып жатыр. Басқа қаулап шығып жатқан көк жоқ. Бірақ үміттеніп отырмыз, шамалы ыза бар. Шығатын шығар, осы халықтың тілегі жердің көгергені ғой.
Сырдарияның бастауындағы қар, мұздың күрт еруі өзен деңгейін көтергені белгілі. Осылайша қыс айларында небәрі секундына 100 мыңдай текше метр ғана су өтсе, бұл көрсеткіш қазір 900 текше метрді төңіректеген. «Уақытша болса да, осы мол сумен жайылымдардың жағдайын біршама жақсартып алуға мүмкіндік бар», – дейді мамандар.
Нұрлан Аманбай, Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- 16 наурыздан бастап аудандағы барлық шабындық, жайылымдыққа су беріле бастады. Қазіргі таңда осы көлдердің, шабындықтардың, жайылымдықтардың 20-30% суланып тұр. Vұның өзі бізге келесі жылға мал азығын дайындауға және жайылыммен қамтамасыз етуге көп септігін тигізеді деп отырмыз.
Мамандар биыл Арал маңында өткен жылғыдай қуаңшылық қайталанбайды деген үміт басым екенін алға тартады. Айта кетейік, өткен жылы бір ғана Қазалы ауданы бойынша 97 бас мал шығыны болған. Ал биыл аудандық ветеринария стансасының мәліметі бойынша төрт түліктің өлімі тіркелмеген.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов