Ақмола облысында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін кәсіби мамандар тапшы
Ата-аналар мен қоғамдық ұйым өкілдері: «Тапшылық бұдан да көп болуы мүмкін», – дейді. Себебі өңірде ерекше тәрбиені талап ететін балалардың қатары 11 мыңға жуықтайды. Ал олармен жұмыс істейтін мамандар саны 700-ден аспайды.
Көкшетаулық Әсел Құрманбаева 10 жылға жуық мүмкіндігі шектеулі балалардың түрлі мәселелерімен арпалысып келеді. Себебі екі перзенті бірдей кембағал болып туған. Айтуынша, маман тапшылығының салдарынан олар талай нәрседен құр қалып келеді. Кейде тіпті арнайы мектептерден де шығып қалатын жағдайлар да болады. Себебі науқас бала көп, ал орын жеткіліксіз.
Әсел Құрманбаева, қала тұрғыны:
- Жалпы Ақмола облысы бойынша бұл мектеп өзі біреу ғана. Ал психикалық ауытқулары бар балалар көп. Сондықтан бұл бір мектеп өте аздық етеді. Осындай мәселелер сол үшін де туындайды. Өйткені орын аз. Балалар оқу керек. Олар социуммен бірге бейімделу керек. Сол себепті тағы да орталықтар ашылса екен. Осындай мектепті қарастырса, жақсы болар еді. Ол менің ғана емес, ата-аналардың үндеуі.
Ата-аналардың сөзін қоғамдық ұйым өкілдері қолдап отыр. Айтуларынша, оқу бітіріп келген жас мамандар жетерлік. Бірақ айрықша балалармен жұмыс істеудің қиындығын көрген олар әлеуметтік мекемелерде тұрақтамайды. Сондықтан салада маман тапшылығы пайда болады.
Әлия Рақымбекова, Әлеуметтік бейімдеу және педагогикалық түзету орталығының жетекшісі:
- Жоғары оқу орындары ондай мамандықтарда оқитын студенттердің тәжірибелік сабақтарына мән бермейді. Сөйтіп, университет қабырғасынан бастап мүмкіндігі шектеулі балалармен тікелей жұмыс істеп көрмеген жас маман әлеуметтік орталықтардан ат тонын ала қашады. Содан барып мектептер мен балабақшалардан жеңіл жұмыс іздейді.
Ал осы салаға жауаптылардың бірі – білім басқармасының өкілдері болса, мұнымен келіспейді. Сөздеріне сенсек, маман да жеткілікті, балалар да тиісті деңгейде тәлім-тәрбие алып отыр.
Марал Қоспанова, облыстық Білім басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Біз барлық баланы арнайы тәлім-тәрбиемен қамтып отырмыз. Бірде-бір бала назардан тыс қалып жатқан жоқ. Себебі бізде көзі нашар көретін бүлдіршіндерге арналған 2 балабақша бар. Одан бөлек, әрбір мектеп пен бөбекжайда логопункттер мен арнайы сыныптар бар. Одан бөлек, түзету кабинеттері және 5 бірдей мектеп-интернат жұмыс істеп тұр. Әрі олардың барлығы қажетті мамандар және қондырғылармен қамтамасыз етілген.
Қоғамдық ұйым өкілдерінің сөзінше, бүгінде мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты басы ашық біраз мәселе бар. Ал оларды түбегейлі шешу үшін заң аясында нақты нормаларды бекіту шарт. Яғни реформа қажет. Олай етпейінше, жұмыс та жүйелі бола алмайды, бала да оңалмайды.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный, Евгений Шинкаренко