Шардаралық шаруалар өздері тұтынбаған су үшін артық ақша төлеуге қарсы
Осылай деп ашынған Шардаралық шаруалар өздері тұтынатын 630 млн текше метр судың тең жартысы жолай жерге сіңіп кететінін айтады.
«Бірақ ақысын толық төлейміз», – дейді. Әбден шыдамы таусылған шаруалар суға жауапты мекеме каналдың ашық тұстарын бетонмен бекітсін, болмаса тұтынбаған су үшін төленген артық ақшамызды қайтарып берсін деп отыр.
Шардаралық шаруалар өздері тұтынбаған су үшін артық ақша төлеуге қарсы. Себебі ішкі каналдардың барлығы ескірген. Ағын судың тең жартысы алқап басына жеткенше жерге сіңіп кететінін айтады.
Нүркен Ағажанов, шаруа:
- Арық-атыздардың бәрі ескі, жөндеу керек. Су далаға кететін жерлері бар. 50% сіңетіні бар, қашыртқымен дарияға қайта құятыны бар, соны есептеп, артық ақшамызды қайтарып берулерін өтінеміз. Ал бізден судың ақысын 100% талап етеді.
Манас Баршамұратов, шаруа:
- Менде 50 гектар жер бар. Бір маусымда гектарына 14 мыңнан төлейміз. Сонда 50 гектарға 800-900 мың теңге төлейміз. Оның жартысын, жерге сіңіп кеткенін шегеріп тастасақ, 350-400 мың теңге ғана төлеуіміз керек. Артық төленіп жатқан 46% ақшаны қайтарып берсе дейміз.
Шаруалардың айтуынша, ағын судың бағасы 2-3 жылдың ішінде 3,5 есе қымбаттаған. Мың текше метрі үш жыл бұрын 232 теңге болса, былтыр 800 теңгеге жуықтаған. Шардара аудандық мәслихатының депутаты Бекмағамбет Кеншім тарифті төмендету бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасына депутаттық сауал да жолдапты.
Бекмағамбет Кеншім, аудандық мәслихат депутаты:
- Ол кісінің берген жауабында судың тарифі бүкіл Қазақстан бойынша қымбаттап кеткен. «Алматы облысы, Қарасай ауданындағы 50-80 гектар жерге реконструкция жүргізу керек», - дейді. Оған бөлінген қаржы 2,4 млрд теңге екен. «Барлық нәрсенің қымбаттап кетуіне байланысты 5,84 млрд теңге бөлінетін болып, сіздердің тарифтеріңізді қымбаттаттық», - дейді. Алматы облысындағы реконструкция жұмыстарына ақша біздің қалтамыздан кетіп жатыр.
Шардара ауданында 40 мың гектар суармалы жер бар. Шаруалардың барлығы суды Шардара су қоймасынан басталатын «Қызылқұм» магистральды каналынан алады.
«Қазсушар» мекемесіне тиесілі негізгі каналдың ұзындығы 106 шақырым. Биыл осы канал арқылы диқандарға 981 млн текше метр су бөлініп отыр. Алайда суға жауапты мекеме өздері қызмет көрсететін «Қызылқұм» магистральды каналындағы 981 млн текше метр судың 340 млн текше метрін жерге сіңіп кететіндіктен есептен алып тастайды. Ал осыдан қалған 630 млн текше метр ағын су әр ауылдың тұсындағы ішкі каналдар арқылы беріледі. Демек, диқандар жыл сайын суға 200 млн теңге артық төлеп отырған.
Қабланбек Жұмабек, шаруа қожалығының төрағасы:
- 350 млн текше метр су жер астына сіңіп жатыр. Егер осы канал бетонмен қапталса, осыншама шығын болмайтын еді. Яғни біз 981 млн текше метр судың орнына 400-500 млн текше метр су қолданар едік. Қаншама су үнемделетін еді?! Жаңа технологияларды пайдалануға жол ашылар еді. Ал ішкі шаруашылық каналдардың бәрін бетонмен қаптайтын болса, онда 150-200 мың гектар жерді суармалы жерге айналдыруға болады.
Бір ауданда екі түрлі баға. Тоғыз ауылдың үшеуі тікелей «Қазсушар» мекемесіне төлем жасайды. Себебі оларды кәсіпорын өз теңгеріміне алған. Ал қалған алтауы жоғары тарифпен төлейді. Олар «Қазсушардың» суын ортадағы су беру тұтынушылар кооперативі арқылы алады. Суға жауапты мекеме басшылығы су бағасының қымбаттағанын былай түсіндірді.
Асқар Қыстаубаев, «Қазсушар» Түркістан филиалы директорының орынбасары:
- Біздің су мамандарының айлығы төмендеп кеткен. 54 мың теңгеге жұмыс істеп жатыр. Тиісті жанар-жағармайы бар, жөндеу жұмыстары бар, бәрі осы тарифтің есебінен келеді. КУИД-3 бағдарламасын жүргізу үшін осы 256 каналдың барлығын коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Судың түбінде отырып, суға жарымай отырған шаруалар «Қазсушардың» уәжімен келіспейді. Диқандар: «Жауаптылар ағын су бағасын реттемесе, биыл да шығынға шаш етектен батамыз», – дейді. Шаруалар «еститін» елдің Үкіметінен үміт күтеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш