Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында шаруалар қант қызылшасын өткізе алмай отыр

Жамбыл облысында қант қызылшасын еккен шаруалар 2 айдан бері өнімін өткізе алмай отыр. Салдарынан үйінді боп үйілген тәтті түбірдің бір бөлігі шіріп, мал азығына айналған. Қазір 3 ауданда бас-аяғы 100 мың тоннаға жуық қызылша жатыр. Мәселенің шешімі қалай болмақ?

Қамбар Қатаев жаз бойы баптап өсірген өнімін күнде келіп қорып жүр. Себебі үйілген қылшасы қараусыз қалса, малға жем болатын түрі бар. Диқан тәтті түбір егуді 6 жыл бұрын қолға алған. Биыл егіс аумағын 60 гектарға жеткізіп, 5 мың тоннадан аса өнім алды. Бірақ тауарын қант зауытына өткізе алмай отыр.

Қамбар Қатаев, шаруа:

- Бұны өткізудің өзі қиындап кетті. Лимит дейді. Осы 3-4 күн болды 15 машина жіберіп ек. 5-еуі өтіп, 10-ы тұр 5 күн болды. Зауыттың өзі қабылдамай жатыр. Күн жылы болса, мынау жарамай қалады шіріп. Ағып кетеді. Не істерімізді білмейміз.

Сәкен Ералиев, шаруа:

- Көршілес ауылдарда да жатыр осындай. Шоқайда бар, Құмтиын бар, Молтовта да бар. Бәрінде жатыр, Қаракемер де бар. Өткізе алмай жатыр ағайындар. Әкім қарамаса да, Үкімет, министрлік кішкене қарасын деген ой ғой. Енді егуге бәріміздің, ағайындардың беті қайтып қалды.

Жамбыл ауданының өзінде 12 мың тоннадан аса өнім далада жатыр. Ал Қордай, Байзақта аудандарында 85 мың тоннаға жуық тәтті түбір далада қалған.

Мерей Бает, тілші:

- Қызылшасын қант зауытына жеткізе алмаған шаруалар егістікте жатқан өнімін ауыл маңына осылай үйіп тастаған. Мәселен, мынау Бірлесу-Еңбек ауылындағы бір ғана шаруаның өнімі. Мұнда жинақталған қылшаның бір бөлігі қар астында қалып үсікке ұрынса, қалғанын төрт түлік  жей бастаған.

Жалпы облыста 11 мың гектарға қызылша егілді. Одан шаруалар 600 мың тоннадан аса өнім алды. Қазір соның 500 мың тоннасын Меркі мен Ақсу қант зауыттары қабылдаған. Қалған тәтті түбірді Ақсу зауыты мен Қырғызстанға өңдеуге жөнелтпек. Себебі Меркі зауытының қуаттылығы жетпейді.

Әбдірасыл Желеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қырғызға жөнелтілген өнім теміржол көлігі арқылы жүргізіп отырмыз. Күнделікті 12-15 вагонға дейін жіберіп отырмыз. 1500 тонна жеткіздік. Шыққан қанттың қанттылығын оның экономикалық тиімділігін есептеп, «Тараз» әлеуметтік корпорациясы арқылы өңдеп, дайын қантты Қазақстан нарығына кіргіземіз.

Күн райы жақсы болса, қалған өнімнің барлығын 20 күнде зауыттарға жеткіземіз, - дейді жауаптылар. Ал Қырғызстанға өңдеу үшін тасымалданған қылшаның әр тоннасына бюджет есебінен 25 мың теңгеден төленбек. 

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә