Шығыстағы Белокаменка ауылында жайылым жер жоқ
Олардың айтуынша, төрт түлікке жайлы, оты, суы мол алқаптарды әлдекімдер заңсыз иеленіп алған. Прокуратура өкілдері жүз гектарға жуық жердің өзге адамға берілгенін анықтаған. Ал жергілікті шенеуніктердің бұған айтар өз уәжі бар.
Мал жаюға келмесе де, тұрғындар қорадағы ірі қарасын осы жақта бағуға мәжбүр. Бір қызығы, аталған аумақ жер реестрінде жайлы жайылым ретінде көрсетіліпті.
Зақырлан Райысов, бақташы:
- Мынау жайылым емес. Бұрынғы кезде болған. Ал қазір барлығы өсіп кеткен. Мұнда мал жая ма? Кірсе де таба алмайсың.
Белокаменка ауылының тұрғыны Андрей Виберттің осы сұраққа жауап ала алмай жүргеніне бірнеше жыл. Прокуратураға хат та жазған.
Андрей Виберт, мал өсіруші:
- Ауыл маңындағы егіс алқаптары бұрын жайылым болған. 110 гектар жайылымдық жер ауылдық округ әкімінің шешімімен егістікке берілген. Прокурорлар 7 учаскеге егіннің заңсыз егіліп отырғанын анықтады. Екі жыл өтті. Түк өзгеріс жоқ. Баяғы жартас, сол жартас. Естуімше, аудан әкімдігі бұл аумақтарды қайтару жұмыстарын бастаған секілді.
Жұмыс басталғанмен жер беріліп қойған. Аудан әкімдігінде дәл қазір оны қайтаруға пәрмен де, дәрмен де болмай тұр. Сондықтан жергілікті шаруа қожалығынан жер алуды ұсынып отыр.
Эльдар Тұмашинов, Глубокое ауданының әкімі:
- Құжат жүзінде жайылымдық жер. Іс жүзінде жайылымға жарамайтынын көріп отырмыз. Міне, мына шаруа қожалығының басшысында 3,7 гектар жер бар. Бұл алқапты жайылымға беруге дайын. Біз оған дәл сондай көлемдегі жер учаскесін тауып береміз.
Аудандық жер бөлімі мамандары мәселені шешу үшін жерді жер қорына алу қажеттігін айтады. Содан соң мемлекеттік меншікке беріледі. Оған дейін ауыл тұрғындары малдарын тау-таста жая тұруға мәжбүр.
Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин