СҚО-дағы Булаев қаласында ауызсу мәселесі қашан шешіледі?
Ауылды айтпағанда қалалардың өзінде бұндай проблема бар. Мәселен, халқының саны жеті мыңнан асатын Булаев қаласының тұрғындары тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Жаз келсе болды, халық суға зар болып қалады.
Булаев қаласының тұрғыны Надежда Михайлова тіршілік нәрін көшедегі бағаннан алады. Суды үйіне тартып алуға қаржы қажет. Зейнетақысы азық-түліктен артылмайды.
Надежда Михайлова, қала тұрғыны:
- Бағандар жиі істен шығады. Бірнеше жыл болды, жаз мезгілінде тіпті сөндіріп тастайды. Кейде ақырын ағады. Осының салдарынан бау-бақша егуден қалдық.
Жаз мезгілінде тұрғындарға су кестемен беріледі. Ал бұл проблеманың туындағанына бірнеше жыл болған. Жергілікті әкім мәселенің бар екенін жоққа шығармайды. Айтуынша, күніне тұрғындар орта есеппен 500 текше мерт су пайдаланады. Алайда жазда бұл көрсеткіш екі есеге дейін артады екен. Сондықтан жауаптылар тығырықтан шығудың жолдарын да қарастып қойған.
Азамат Қараубаев, Булаев қаласының әкімі:
- Мына су айдынында бағана орнатамыз. Яғни тұрғындар малға, бау-бақшаға суды осы жерден тегін ала алады. Аумақты қоршаймыз. Әрі арнайы су сору құрылғысы орнатылатын болады.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Жергілікті билік өкілдерінің ұсынып отырған бұл жобасы қаншалықты тиімді екені белгісіз. Тұрғындардың мұнда келіп су алулары екі талай. Өйткені көл қаланың шетінде орналасқан.
Болашақта қаладағы сорғы станциясы қайта жаңғыртылады. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Азамат Қараубаев, Булаев қаласының әкімі:
- Екі су мұнарасын орнатуды жоспарлап отырмыз. Ал барын жаңартамыз. Сондай-ақ су қорын жинау үшін бізге көлемі мың текше метр болатын тағы бір резервуар қажет.
Бүгінде Мағжан Жұмабаев ауданының орталығында 140-қа жуық баған жұмыс істеп тұр. Бірақ олардың саны қысқарады. Себебі шаһарды сумен қамтып отырған кәсіпорын шығынға батқан.
Жәнібек Жаңаділов, «Булаев су» серістестігінің бас директоры:
- Халықтың кәсіпорын алдындағы қарызы – 2,5 миллион теңге. Адамдар төлем жасаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Бағандардың санын жазда қысқартамыз. Бұл – мәжбүрлі шара. Өйткені халық ол үшін ақша төлемейді.
Булаев қаласындағы су құбырының жалпы ұзындығы – 50 шақырым. Олардың жартысы бүгінде әбден тозған.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов