Қостанайлық Садықовтар отбасы 10 баланы асырап алды
Қостанай облысындағы Заречный ауылында тұратын ерлі-зайыпты Садықовтар үшін бұл – қасиетті ұстаным. Олар ата-ана қамқорлығынан айырылған он баланы бауырына басып, махаббатын сыйлап отыр. Дүниеге екі перзент әкелген отбасында қазір он екі бала бар. Ерлі-зайыптылар олардың ешқайсысын бөліп-жармайды. Тек перзенттерін бақытты ету – бар арманы.
Садықовтар отбасы үшін осылай бас қосып, шүйіркелесіп отырғаннан артық бақыт жоқ. Отағасы Нұрлан жұмысбасты болса да бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Бәрін еңбекқор, адал етіп өсіруге тырысады.
Нұрлан Садықов, көпбалалы әке:
- Балаларымыздың бәрі атқа шапты, мал бағуды білді, құс та өсірдік. Әр түрлі мамандыққа үйреттік. Аспаз болды, тігінші болды. Бәрін білген жақсы деп үйреттім. Қазір біреуі – мұғалім, біреуі бизнесте жүр. Соның бәріне қуанып отырамын.
Ерлі-зайыптылар 23 немере сүйіп отыр. Оларға қазақтың тілін үйретіп, салт-дәстүрді саналарына сіңіреді.
Қарлыға Садықова, көпбалалы ана:
- Бұл өмірге ризамын. Қандай қиындық болса да еңбекпен жетіп, балаларды, қыздарды еңбекке үйреттік. Келіндер келді. Олар да еңбекқор. Қыздардың бәрі тұрмыста. Арман деген бір ұлым қалды. Ол қазір үйленген жоқ. Елордада жұмыс істеп жатыр. 11 құдағиім, құдам бар. Қазір бәріміз он екіншісін күтіп отырмыз.
Ақмарал Садықова, үлкен келіні:
- Өзімнің туып-өскен жерім – Көкшетау. Қостанай қаласына келін боп түскенмін. Қазір ата-енеммен тұрамын. Олар өте жақсы кісілер. Маған өзінің туған қыздарындай қарады. Осы үйде 12 бала тәрбиеленіп шықса, мен осы үйді бақытты отбасы деп ойлаймын.
Отағасының айтуынша, адам бала асырап алу үшін сол баланың жағдайын түсіне алуы керек. Тату отбасы болудың сыры неде? Бұл сұрақтың жауабы былай.
Нұрлан Садықов, көпбалалы әке:
- Әке-шешесі бір-бірін жақсы көру керек. Ең басты құндылық – отбасының татулығы. Егер біреу басқаша ойласа, мен бұнымен келісе алмаймын. Біреулер ақша ойлап кетеді. Біреулер салт-дәстүрді бірінші орынға қояды.
«Үлкен отбасы болуға әркімнің хақы бар. Ешқандай кедергі жоқ. Басқасы сылтау», – дейді Садықовтар әулеті.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг