Хабар телеарнасы

Қызылордалықтардың референдумдағы белсенділігі қалай?

Ол осы уақытқа бірде-бір саяси науқаннан тыс қалмапты. «Әркім өз таңдауын жасауы керек», - дейді қария.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Қазыбай Құдайбергенов саналы ғұмырында ел үшін маңызды саяси шаралардан қалыс қалған емес. «Өйткені Отанның болашағына бей-жай қарай алмаймын дейді», - ақсақал. Білікті педагог бұл жолы да таңсәріден костюмін киіп референдумға келіп отыр.

Қазыбай Құдайбергенов, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Біз жастарға үлгі болуымыз керек. Кертартпаланбай, референдумға біздің буын бірінші бару қажет. «Жүріңдер, бәріміз дауыс берейік», - деп бала-шағасын ерте баруы керек. Бұл –демократиялық қоғамның алғашқы қадамдары. 

Сыр өңірінде Қазыбайды білмейтін қазақ кемде-кем. Экономика саласының жілігін шағып, майын ішкен маман жарты ғасырдан бері жоғарғы оқу орнында дәріс беріп келеді. Референдумның саяси һәм тарихи орны ерек екенін түйсігімен сезінетін профессор шәкірттері мен ұжымдастарына жалпыұлттық таңдаудың мән-маңызын айтудан шаршаған емес.    

Қазыбай Құдайбергенов, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Референдум – қажет процесс. Референдумның ең негізгі мақсаты – билік пен халықты жақындастыру. Референдум ерекше статусы бар адамдардың баратын шарасы емес, бұл жерде қарапайым халық өзінің дауысын береді. Бұрынғыдай насихат жүргізілген жоқ. Халық өз қалауымен келіп, дауыс беріп жатыр. Әсіресе жастар өте көп, соған қуаныштымын. 

Облыс бойынша 373 дауыс беру учаскесі тіркелген. 400 мыңнан астам қызылордалықтың референдумға қатысу құқы бар. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов