Өскеменде қоғамдық көліктерге 400 жүргізуші керек
Дәл қазір қаладағы қоғамдық көліктерде 400-ге жуық жұмысшы жетіспейді. Әсіресе бұл салаға жастардың мүлде келгісі жоқ. Сала мамандары мұны «Жол қозғалысы туралы» Заңға енгізілген өзгерістермен байланыстырады. Аталған заңға сәйкес, 2015 жылдан бастап автобус жүргізуге тек 25 жастан рұқсат беру қарастырылған болатын.
Азамат Қасым, тілші:
- Бұл мәселе тез арада шешімін таппаса, Өскемендегі қоғамдық көліктер жүргізушісіз қалуы мүмкін. Себебі қаладағы автобус жүргізушілерінің 40% астамының жасы 55-тен асып кеткен.
Бұл мәселе автобус паркі өкілдерін де алаңдатып отыр.
Оксана Перевалова, автобус паркінің инженері:
- 2015 жылға дейін көлік жүргізушілерін жұмысқа алуда ешқандай мәселе туындаған емес. Заңға өзгеріс енгізілген соң, жас мамандар бізге жуымайтын болды. Біздің автопарктен жыл сайын 10-ға жуық адам зейнетке шығады. Олардың орнын басатын жастар жоқ.
Жастардың келгісі келмейтін жөні де бар. Себебі олар автобусты басқарардың алдында үш жыл шағын қоғамдық көлікті жүргізуі шарт.
Евгений Черныш, автомектептің директоры:
- Ешкім алтын уақытын жоғалтқысы келмейді. Қазір D санатына құжат тапсыратын жастар жоқтың қасы. Олар үш жылды күтіп отырмайды, басқа жұмыстарға ауысып кетеді.
Қазір қаладағы ескі қоғамдық көліктер біртіндеп жаңартыла бастаған. Автобус парктеріне мемлекет тарапынан 2 миллиард теңгеден астам субсидия берілген. Мәселе тек кадрге тіреліп тұр.
Жақсылық Омар, Өскемен қаласының әкімі:
- Қазір осы кадр мәселесін шешу үшін 2015 жылға дейін болған тәртіпті қайта енгізсек, мәселе шешіледі. Онсыз ол мәселе шешілмейді. Біз тиісті министрлікке хат жолдадық. Осы жердегі қоғамдық өкілдерімен жұмыс істеп жүрміз.
Автобус қана емес, жалпы көлік жүргізушілер тапшылығы еліміз бойынша бүгінде өзекті. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласына 600, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында 400-ге жуық жұмысшы қажет.
Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин