Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Ақтөбенің қақ ортасында орналасқан өткелден өту қиындады
Себебі оларға арналған көтеріп-түсіру жеделсатысы әлдеқашан істен шыққан. Ал қажетті қосалқы бөлшек шетелде жасалатындықтан қазір елге жеткізу қиындай түсіпті. Дегенмен мүмкіндігі шектеулі жандар бұл мәселенің туындағанына бірнеше жыл болғанын айтып отыр.
Дастан Ниязовтың жолүсті өткелімен жүрмегеніне бірнеше жыл болған. Бұл арбаға таңылған азамат үшін оңай болмай тұр. Салдарынан көшенің арғы бетінде тұратын тумалары мен достарына жету өзгенің көмегінсіз мүмкін емес.
Дастан Ниязов, қала тұрғыны:
- Мына жерде үлкен апам тұрады. Апама барғым келеді, бірақ қиналып қаласың. Амал жоқ, бағдаршам жаққа бару керек. Арғы бетке өтудің өзі қиын, жоқ дегенде 20-30 минут өтеді. Ол да шаршатады.
Қала ортасындағы Әлия Молдағұлова даңғылы бойында салынған екі бірдей жерүсті өткелі үш жыл бұрын пайда болды. Көлік қарқыны жоғары жолда жаяудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нысанға бюджеттің 120 млн теңгеден астам қаржысы қарастырылған. Алайда өткел пайдалануға берілгелі мүмкіндігі шектеулі жандар жарытып қызығын көрмепті. Біріндегі жеделсатысы алғашқыда жұмыс істеп, кейін тоқтап қалса, екіншісінде мүлде іске қосылмаған көрінеді.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Өткелдегі жеделсатының қазіргі көрінісі мынау. Көтеріп-түсіруге арналған құрылғалырдың әлдеқашан істен шыққаны байқалады. Электр сымдары да үзіліп қалған. Тіпті мұнда көптен бері тазалық жұмысының жүрмегені көрініп тұр.
Белгілі болғандай, арбаға таңылған адамдарға арналған жеделсатының ішіндегі құрылғылар қолды болған. Бірақ қашан ұрланғанын ешкім нақты айта алмайды. Себебі өткел ішінде де, сыртында да бейнекамера жоқ. Тіпті бұған дейін нысанды күтіп-ұстауға қай ұйымның жауапты болғаны белгісіз.
Әділбек Танкиев, қалалық ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Ол тұрып қалған нысан. Енді өздеріңіз білесіздер, кейбір заттар қайсысы жетіседі, қайсысы жетіспейтінін кішкене анықтау қиындау болды. Сондықтан қазір біз ақаулы акт жасадық, не керек екенін анықтап, қажет материалдарды шығардық.
Өткелдегі жеделсатыны жөндеу үшін Беларусь елінен қосалқы бөлшектер алынбақ. Алайда оның қашан келері белгісіз. Себебі әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты бір ай бұрын берілген тапсырыс әлі кешігіп жатыр. Дегенмен шенеуніктер бұл мәселенің таяу айларда шешілетініне үмітті. Тіпті жеделсатыны қолданатындар үшін жаңа жүйе енгізбек ойда.
Абзал Тимағамбетов, Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының басшысы:
- Жеделсатыға нақты 15 құрылғы қажет болып тұр. Оған тапсырыс берілді. Ұрламау үшін бейнекамералар орнатамыз. Оның бәріне қарайтын адамдар болады. Мүгедектерге арналған арнайы карточкалар болады. Яғни жеделсатыны тек қана өздері шақыра алатын болады. Тек солар қолдана алады.
Жолүсті өткеліндегі жағдай мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қалада бар жалғыз мәселе емес. Олардың кедергісіз қозғалуы үшін әлі талай жұмыс атқарылуы керек.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков