Маңғыстаудағы Шетпе – Қызан жолының құрылысы 10 жылға созылды
Бұл бағыттың жалпы қашықтығы – 110 шақырым. Соның 25 шақырымы қашан аяқталатыны әлі белгісіз. Ал қызандықтар Маңғыстау ауданының орталығына жету үшін жол азабын тартып отыр.
Шалғайдағы елді мекенде 1 мыңнан астам адам тұрады. Қызандықтар жұмысқа баруға немесе дүкендегі азық-түлік қорын толтыру үшін Шетпеге күнде қатынайды. «Жолдың күйі мынау. Жаңбырлы күндері көлік қозғалысы тіптен қиындайды. Жеңіл машиналар тез бұзылады. Бұрқыраған ала шаңда жол апаты жиі болып тұрады», - дейді тұрғындар.
Ақмырза Масатов, Қызан ауылының тұрғыны:
- Барған сайын көліктеріміздің дөңгелегі жарылады. Қыс мезгілінде қар жауып, боран болғанда, талай рет балшыққа батып, жолда қалдық.
Алтынғали Иманбаев, Қызан ауылының тұрғыны:
- Өткенде жаңбыр жауғанда, көліктер батып, халық 25 км жерге жете алмай, далада қалды. Бүкіл бала-шағасымен далада қонды. «Құрылыс жақында бітеді-бітеді», - дейді. 2024 жылдың аяғына дейін қырылып өлетін шығармыз.
Бұл жолдың алғашқы бөлігі 2014-2016 жылдары қайта төселді. 2-кезеңі сол уақыттан бері жалғасып келеді. Әлі 60 млн теңге керек. Бұл қаражат мердігер мекеме шотына түссе, осы бөліктегі жол құрылысын тездетіп аяқтауға дайын. Жалпы трассаны толық жөндеу үшін 3 млрдтан астам қаржы қажет. Оны бірден беруге бюджет көтермейді.
Рахат Алмамедов, мердігер мекеме өкілі:
- Мәселе ақшада болып тұр. Уақытында бөліп, уақытында жіберсе, біз осы жылдың соңына дейін жұмысты бітіріп, асфальтті ауылға дейін тартып беруді жоспарлап отырмыз.
Талғат Қыланов, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары:
- 3 млрд 249 млн теңге ақшаны бірден беруге бюджет көтермейді. Өткен жылы 375 млн теңге бөлінсе, 2022 жылы 516 млн теңге бөлінді. Қазір тағы 500 млн бөлінеді деп жатыр.
Тағы бір мәселе бар. Жолдың салынған бөлігі бүлініп жатыр. Себебі асфальт күн суықта төселген. Бұл аумақтан ауыр жүк көліктері жиі жүргесін кей жерлері ойылып та қалған. Жауаптылар барлық ақаулықты қысқа мерзімде түзетеміз деп отыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев