Қостанайлық жүргізушілер төрт жылға созылған жол құрылысының азабын тартып келеді
Содан бері жүргізушілер айналма жолдың азабын тартып келеді. Экономикалық маңызы зор көлік артериясы Тобыл өңірінің төрт ауданы арқылы өтеді.
Ауқымды жоба екендігіне дау жоқ. Барлығы 114 шақырым жолды бастан-аяқ қайта салып шығу оңай емес. Соның бүгінде басым бөлігі еңсеріліп, 21 шақырымы қалып отыр. Бұл аралық – құрылыстың нағыз күрделі бөлігі. Жол табаны қайта төселіп, төрт жолақты қылып кеңейтіледі. Одан бөлек екі жол айрығы, бір темір жол өткелі салынады.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Бұл жол құрылысындағы басты қиындық – жыра, сайлардың көптігі. Осы жиырма шақырым аралықты тегістеу үшін ғана 3,5 миллион текше метр топырақ қажет екен.
Рудныйдан Әйет өзенінің көпіріне дейінгі 19 шақырым жол құрылысының жобалық-сметалық құны – 21 млрд тенге. Мердігер бұл қаржыны қанағат тұтпай отыр. «Рубльдің күрт көтеріліп, материалдардың қымбаттап кетуі жағдайымызды қиындатып жіберді», – дейді.
Геннадий Убей-Волк, мердігер:
- Біз «ҚазАвтоЖолдың» бас кеңсесіне сметаны қайта есептеуге жібердік. Сотқа да өтініш бердік. Оның бәрі қаралып жатыр. Мұндай қадамға баруға біздің құқымыз бар. Жол құрылысына қажетті материалдардың бағасы кемі 10% қымбаттап кетті. Су өткізгіш құбырлар, электр жабдықтарына қазір ресейліктер атасының құнын сұрайды.
Соған қарамастан мердігер: «Жобада көрсетілген талаптарды орындауға міндеттіміз», – дейді. Оның үстіне бақылаушы органдар да үнемі осында.
Әлібек Қуантаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ инженері:
- Төселіп жатқан асфальттің тығыздығын, қалыңдығын қараймыз. Оны зертханада зерттеп, кейін тапсырыс берушіге жолдаймыз.
«Төрт жолақты бұл жолдың сапасы жоғары және кемі он бес жылға шыдайды. Оның игілігін көпшілік биылдан-ақ көре бастайды», – дейді осындағылар.
Андрей Горват, «ҚазАвтоЖол» АҚ ҚОФ директоры:
- Жоба бойынша құрылысты келесі жылы аяқтауымыз керек. Бірақ жүргізушілер мен жолаушылардың жағдайын ойлап, биыл қос бағытта қозғалысты ашсақ деп отырмыз.
Ал енді қосымша қаржы сұрап отырған мердігердің талабы орындала ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Жол құрылысының аяқталу мерзімі бір жағынан соған да байланысты екендігін мамандар мойындайды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг