Хабар телеарнасы

Абай облысындағы арманға айналған айналма жол

Абай облысындағы Таскескен-Бақты тас жолының Мақаншы ауданы тұсындағы айналма жолы жылдар бойы басталмай келеді. Жүк көліктері Мақаншының дәл ортасынан өтетіндіктен, жолдың сапасы айтарлықтай нашарлаған. Ең қорқыныштысы дәл осы жолдың бойында үш мектеп орналасқан. Аудан халқы ағылған көлік балалардың өміріне қауіп төндіретінін айтып, жергілікті биліктен көмек сұрап отыр. 

Ерлан Нұрсұлтанов күнде сабақ аяқталғаннан кейін оқушыларын осылай автобусқа дейін шығарып салады. Өйткені балалардың өмірі үшін алаңдайды.Тоғыз жолдың торабында орналасқан Мақаншының дәл ортасынан мыңдаған жүк көлігі ағылып өтеді.

Ерлан Нұрсұлтанов, мектеп мұғалімі:

-Таможнядан өтетін ірі көліктер кептеліс жасап, осы орталық жолда екі-үш дтп болды. Мақаншының ішінде. Енді әзірше балалардың оқиғасы тіркелген жоқ. Жаман айтпай жақсы жоқ дейді. Мақаншы құрылғалы бері айтып келеміз, айналма жол өте керек.

Таскескен-Бақты тас жолымен тәулігіне мыңдаған автокөлік әрі-бері қатынайды. Соның салдарынан көлік дәлізінің бойында көлік кептелісі жиі болады. Ауыл халқы жүргізушілердің жол ережесін сақтамайтынын айтып қынжылды. «Жылдамдықты асырған көліктердің қатысуымен ірі жол апаттары да болды», - дейді тұрғындар.

Әбен Разуев, Мақаншы ауылының тұрғыны

-Осы күре жолдың бойында адамдарды қағып кеткендігі кезінде болған. Балаларды қаққан. Мынау Найманбай мектебінен түскі уақытта балалар үлкен нөпірменен шыққан кезде жолды жүгіріп өтеді, жан-жағына бағдарлай алмай қалады. Баланың өтетінін, өтпейтінін байқамай қалған шофер дағдарып қалатыны белгілі.

Жергілікті әкімдік өкілдері мәселеден хабардар. ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы айналма жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатқанын жеткізді.

Серікбол Есетов, аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

-Айналма жолдың керегі өте маңызды болып тұр. Өйткені ауыр жүк көліктері ауылдың ішінен өтеді. Қауіпсіздікке байланысты биылғы жылы құжаттарына 30 млн теңге бөлініп, конкурстық рәсімдер өтеді. Жеңіп шыққан компания белгілі болады. Сонымен 2025 жылдың 11 айларында аяқтаймыз.

Жауаптылар 9,5 шақырым айналма жол 2025 жылдың соңына дейін салынып бітеді деп сендірді. Күре жолдың құрылысына бюджеттен шамамен 450 млн теңге қаржы жұмсалмақ.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов