Ақтөбеде биыл 350-ге жуық адамға кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант беру көзделіп отыр
Алайда бұл жолы қатысушыларға қойылатын талап та жылдағыдан өзгеше болады. Ең бастысы бөлінген қаржының тиімді жұмсалып, кәсіптің дамуы бақылауға алынады. Сондықтан ұйымдастырушылар еңбекқорлығымен ерекшеленетін үміткерлердің жеңіске жететінін айтады.
Дидар Боранбаеваның жеке іс бастап, кәсіпкер атанғанына жарты жылдан асты. Ұннан түрлі тағам пісіруді ұнататын ол бұл кәсіпті бизнеске айналдыру үшін гранттар байқауына жоба жолдап, жеңіп шыққан. Нәтижесінде берілген қайтарымсыз қаржыға қажетті жабдықтар алып, жұмысын қыздыра түсті. Үш бала өсіріп отырған отбасы атаулы көмекке мұқтаж болатын. Қазір жағдайлары түзеле бастаған. Керісінше өнімге тапсырыс мол болғандықтан, кәсіпті кеңейтіп, жұмысшылар алу керек болып тұр.
Дидар Боранбаева, кәсіпкер:
- Мен бір үлкен зал ашқым келеді. Сол залдың ішінде адамдар тапсырыс беріп, күтп отырмай, дәл сол жерден алып кете алатындай мүмкіндігі бар жер іздеймін. Сол жерде әртүрлі нан өнімдері болса, бізде идея өте көп. Аяқ асты қонақ келіп қалған жағдайда сол жерден бәрін алып кете алатындай жағдай жасағымыз келеді.
Дидар секілді былтырдың өзінде грант алып, мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп бастағандар қазір көпке үлгі көрсетіп отыр. Олардың арасында көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Ал биыл гранттар байқауында жеңген үміткерлерге бір миллион теңгеден астам қаржы беру көзделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары.
Әлия Хамидуллина, Халықты жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі:
- Былтыр кондитерлік өнім мен тігін шеберханасы көп болғандықтан, биылға комиссия мүшесінің біршама өзінің ойларын барлығын түйіндеп келгенде биыл қоғамға пайдасы бар гранттар өтейін деп отыр. Мысалы, ол спорттық үйірмелер, оқу орталықтары және т.б.
Қазірдің өзінде жеті адам қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, бизнес бастаған. Жеңімпаздардың келесі легі алдағы айларда белгілі болмақ.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев