Өскемендіктер балалар алаңының дұрыс жабдықталмағанына наразы
Олардың айтуынша, миллиондаған қаражатқа салынған алаңдар дұрыс жабдықталмаған. Абаттандыру жұмыстары қалай болса, солай жүргізілген. Сондықтан жергілікті мүлік иелері бірлестігі қалалық әкімдікке осы мәселе бойынша шағым түсірмек.
Жаңа ықшамаудандағы балалар алаңы тасты жерде орналасқан. Қоршалмаған үшметрлік аумақ футбол алаңының дәл төбесінде тұр. Тұрғындар осыған алаңдайды. Балаларын жалғыз жіберуге қорқады.
Ләззат Тоқтарова, қала тұрғыны:
- Балалар ойнай алмайды. Бәрі тас, топырақ. Есік алдына шықса, үстерін былғайды. Бастарын жарып алады, құлап қалады. Үйді берді, бірақ алаңын дұрыс істеген жоқ. Футбол ойнайтын жер болса, жақсы болар еді.
Мұндай қауіпті алаңдар қалада аз емес. Мәселен, көпбалалы отбасылар тұратын үйдің алдындағы ауланы абаттандыруға бюджеттен 90 млн теңге бөлінген. Жергілікті мүлік иелері бірлестігінің жетекшісі Татьяна Литвинованың атқарылған жұмысқа көңілі толмайды.
Татьяна Литвинова, мүлік иелері бірлестігінің жетекшісі:
- Жұмысты істеген соң, соңына дейін жеткізу керек қой. Мынау не? Балалар қайда серуендейді? Жиектастардың түрі анау. Құлап қалмасына кім кепіл?
Алайда бұл жердегі алаңның абаттандырылуы назардан тыс қалған секілді. Ал мердігерлер: «Бізден кінә жоқ. Барлығын жоба бойынша істедік», – деп отыр.
Ерасыл Жуанышев, мердігер компанияның өкілі:
- Біздің құрылыс бөлімімен қол қойып, келісілген жобамыз бар. Жобадан тыс нәрсені істей алмаймыз.
Мерей Әкімжанов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Тұрғындардың айтуынша, көп ақау бар. Жоба бойынша жұмыстар әлі жүргізіледі, көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Қыркүйек айына аяқталады деп жоспарлануда.
Өскеменде 2017 жылдан бері 156 аула абаттандырылған. Бұған жыл сайын 500 миллионнан миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Биыл облыс орталығында 27 балалар алаңы салынбақ. Сандар осылай сөйлейді. Ал тұрғындар: «Аулалардың санына сапасы сай болса», - дейді.
Авторлары: Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин