Ақтауда 30-дан астам мемлекеттік қызметші қан тапсырды. Өңір жаңалықтары
Ақхалаттылардың айтуынша, донор қаны бірнеше кезеңдік сараптаудан өтеді. Бір қуантарлығы, 99% жарамды. Былтыр Маңғыстау облысында 8 мың донор қан тапсырған. Олардың көмегі арқылы дәрігерлер 5000-дай науқастың өмірін сақтап қалды.
Солтүстік Қазақстан облысының Надёжка ауылында бүтіндей бір отбасы астан уланып, екі бала қайтыс болды.
Тағы үш адам ауруханаға түсті. Олар дүкеннен сатып алынған пицца, түшпара, шұжықпен тамақтанып, газдалған сусын ішкен. Содан өздерін жайсыз сезініп, дәрігер шақыртқан. Қазір анасы мен бір бала ауыр халде ауруханада жатыр. Ал әкесі алғашқы медициналық көмек алған соң, үйіне жіберілген. Улану дерегі бойынша арнайы комиссия құрылып, тергеу басталды.
Павлодар облысы Аққулы ауданында игерусіз жатқан 36 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.
Оның 24 мың гектары жергілікті тұрғындардың игілігіне берілді. Жайылымды пайдалануға алғандардың атына бірде бір мал басы тіркелмегені анықталған. Сондықтан аумақтық жер қатынастары бөлімінің басшысы тәртіптік жазаға тартылды.
Өскемендегі этно-ауыл ішінен жаңа орталық ашылды.
Онда облыстың туристік әлеуеті жайлы толық ақпарат жинақталған. Өлкенің ну орманы, асқар тауы, көлі мен шөлі жайлы мәліметтер бар. Мұндағы мамандар туристерге қандай саяхат түрін таңдау керегі жайлы бағыт береді. Өткен жылы өлкеге 400 мың турист барған.
Елордалық оқушылар бүгін қолына аттестатын алды.
11 мың 133 түлек 11-сыныпты аяқтаған. Оның 300-ге жуығы алтын белгі иегері атанса, 700-ден астамы үздік аттестат алған.