Ақтауда көшелерді су басты

Тұрақсыз ауа райына байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшті. Үйлерге су кіріп, көлік қатынасы да қиындады. Кейбір азаматтар діттеген жеріне таксимен жетіп алды. Бірақ жол ақысы үш есе қымбаттап кеткен.

Қаладағы Сары базардың маңы нөсердің салдарынан құдды бір өзенге айналғандай.  

Тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы түрлі бейнежазбамен бөлісіп жатыр. Бүгінде қалада жол талғамайтын көліктермен жүрудің өзі оңай емес. Автобус қатынасы да қиындады. 

Автокөлік иелері мемлекеттік нөмірлерін жоғалтты. Ал коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшті. Қазір олар жауын салдарын жойып жатыр. Қалалық әкімдік өкілдері хабарлағандай, соңғы тәулікте Ақтауда түскен жауын айлық мөлшерден асады.   

Алпысбай Таубаев, қала әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда жаңбыр суын сору жұмыстарына 132 адам жұмылдырылды. Қала жолдарынан 105 адам, алты мотопомпа, бір бойлер, бір жүктиегіш, бір жүктүсіргіш көлік жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар департаментінен 32 қызметкер, бес арнайы техника, сегіз мотопомпа жұмылдырылды. Қазіргі уақытқа дейін 29432 метр куб көлемінде су сорылды.    

Осыған дейін синоптиктер тұрғындарға ауа райының құбылмалы болатынын ескерткен еді. 

Айгүл Төлеуғалиева, «Қазгидромет»  РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры:

- Бақылау пункттерінің деректері бойынша, 28 шілде күні түнде Ақтау метеостанциясында 13 миллиметр, Форд Шевченкода 10 миллиметр, Тұщыбекте 4 миллиметр, Қызан, Құлалы, Қаламқаста 1 миллиметр, Жетібай автоматтандырылған метеостанциясында 3 миллиметр жауын тіркелген.

Синоптиктердің мәліметінше, ертең қалада нөсер жауын болмайды. Бірақ облыс аумағында тұрақсыз ауа райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр, найзағай, екпінді жел тұруы мүмкін.  

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев