БҚО-дағы Атамекен ауылында оқушылар апатты мектепте білім алып жүр
Ата-аналар балаларының болашағы үшін алаңдайды. Тіпті құлаудың аз-ақ алдында тұрған нысанға балаларын жіберуге қорқады. Әкімдік өкілдері жаңа ғимарат салып беруге уәде берген. Бірақ сөз бен ісі сәйкес келмей отыр.
Мектептің негізгі ғимараты салынғанына елу жылдан асқан. Кейін жапсарлай қосымша нысан салыныпты. Қазір екеуінің де қабырғасы қақырап, кірпіштері түсіп жатыр. Ал инженерлік желілерде апат жиілеп кеткен.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бұл ғимараттағы кез келген кабинетке кіру қауіпті, әрине. Соның ішінде сыныптардың төбесі ортасына түскелі тұр. Биыл дәл осындай үш бірдей кабинет мүлдем жабылып қалған. Жаңа оқу жылында тек лекерге келетін бес кабинет қана қолданылмақ.
Кез келген уақытта құлап қалуы мүмкін ғимаратта балалар оқуын одан әрі жалғастыра береді. Әкімдіктің шешімі осы екен. Оның үстіне жүзден астам оқушыны енді бес-ақ кабинетке сыйғызу керек.
Данагүл Сердалина, мектеп директоры:
- Әрине, қауіпті. Біз қолдан келгенді жасап жатырмыз. Кейде ауылдағы музейге барып оқыды. Бірақ ол музейдің іші салқын. Содан мектепке қайта ауыстырдық. Ауылымызда оқушы саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Шағын орталығымыз бар. Бұған қоса мектепалды даярлық сыныбымыз бар. Онда да оқушылар саны жиырмаға жақын.
Айтпақшы, бес кабинеттің біреуі – актзал. Ол осыдан он шақты жыл бұрын жергілікті тұрғындардың күшімен бой көтерген. Қазір сынып ретінде жабдықталып қойыпты. Мектептің жай-күйі ауылдық ағайынды сары уайымға салды. Олар биліктен жаңа ғимарат салып беруді талап етіп отыр.
Самал Сейітбаева, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Екі балам әлі осында мектепте оқиды. Балаларға оқитын жағдай жасалмаған. Мектептің төбесі де құлайын деп тұр. Ата-аналарға уайым болды. Балаларын мектепке жібергілері келмейді, шыны керек. Былтыр да осындай наразылық тудырдық.
Ақжайық ауданы әкімдігінің өкілдері жаңа мектептің құрылысы биыл басталатынын алға тартты. Жоба жер қойнауын пайдаланушы компания есебінен қаржыландырылмақ.
Мейрам Қайыржанов, Ақжайық аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Атамекен ауылында 108 орындық мектеп жобасы аяқталды. Бүгінгі күнде конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жобаның құны 938 млн тг құрады. Жер аумағы – 1,8 га. Құрылыс биыл қыркүйек айында басталады. 2023 жылғы қыркүйек айында балалар жаңа мектепке барады.
Демек, ауыл балалары кемінде тағы бір оқу жылын апатты мектепте өткізуге мәжбүр. Үрей мен үміт арасында күнелтіп жүрген тұрғындар құрылыс қарқынын жеделдетуді сұрайды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов