Қарағандыдағы Күнгей ауданының тұрғындары 10 жылдан бері жарықсыз отыр
Қарағанды қаласындағы Күнгей ауданы тұрғындарының жартысына жуығы 10 жылдан бері жарықсыз отыр. 70-ке жуық үй күні бүгінге дейін қаланың қақ ортасында отырып шам жағады, қосымша генераторларды пайдаланады. Ауданда өзге де инженерлік жүйелер бір қалыпқа келтірілмеген. Тұрғындар: «Ең болмаса, ток көзін тартып берсе», - дейді.
Ажар Мұхаммедқалиева, қала тұрғыны:
- Жерде жатқан кабель арқылы тоқ алып отырмыз. Ал ол өз жаққанын емес, одан көбірек алады. Бұл ауданда тұрып жатқаныма 10 жыл болды, сол бір тоқ мәселесімен әлі жүрміз. Шаршадық, баратын жер қалмаған сияқты. «Маған десең, прокуратураға бар, не істесең оны істе», - дейді.
Бұл – Талғат Қазкеннің салып жатқан үйі. Оның 5 баласы бар. Ертең балаларының сабақты қалай оқып, қалай күн көрерін білмейді.
Талғат Қазкен, қала тұрғыны:
- Жарық болмаған соң қиындау. Көршілер көмектесіп, өз күшімізбен генератор тартып, тіршілік жасап жатырмыз.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Не бәрі 200 метрде тұрған Күнгейдің арғы бетіндегі тұрғындар қазір жоғары жылдамдықты интернеттен өзге өркениеттің бар қызығын көріп отыр. «Ал бергі жағы қаншама бағандар тұрса да, ең болмаса, электр қуаты да тартылмаған», - дейді. Салдарынан меншікті генератор көмегіне жүгінеді. Бұл тәулігіне 4-5 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс. 1 сағатына кемі 3 литр бензин кетеді. Бұл да қарапайым тұрғындар үшін қалтаға айтарлықтай салмақ салады.
Ал, жауапты мамандар болса қазір аталған жобаға, яғни 70 үйге электр қуатын тартуға 608 млн теңге қаржы бөлінгенін айтады. Бұл жұмыс келер жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Мұрат Камалиев, қалалық құрылыс басқармасының басшысы:
- Бұл жоба 2021 жылы басталған. Әзірге 70 үй жарыққа қосылды. Сосын жоба тоқтады. Түзету енгізген соң, ендігі жылы жоба толық бітеді.
Атап өткен жөн, Күнгей ауданының іргесі осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын қаланған. Кейін ол «Күнгей-1», «Күнгей-2», «Күнгей-3» деп бөлінді. Аталған мәселенің барлығы осы «Күнгей 3-те» болып жатыр. Жауаптылар келер жылы жарықтан өзге жол мен кәріз мәселесін де шешеміз деп сендірді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар