Алматы қаласының тұрғыны 5 жылда алты елдің тілін үйренген
17 жастағы Ақтоты Асанова ана тілінен өзге орыс, ағылшын, түрік, қытай, француз және испан тілінде еркін сөйлейді. Жас полиглот білімі мен таудай талабының арқасында әлемнің үздік жоғары оқу орындарынан шақырту алған. Екі елдегі екі университетке бірдей оқуға түскен бойжеткен қос диплом алып шығады.
Ақтотының тіл үйренуге деген құштарлығы 5 жыл бұрын Алматыға көшіп келгенде басталған. Әу баста орыс тілін меңгерген. Әрмен қарай өзге тілдерге деген қызығушылығы да арта түседі. Ағылшын тілін алты айда үйреніп, түрік тілін де қоса оқыған. Осылайша жас таланттың білім көкжиегі кеңейе түседі. Тіл үйрену үшін бар күшін аямаған Ақтотының денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түсіп қалған кездері де болыпты.
Ақтоты Асанова, қала тұрғыны:
-Мен мысалы Қытайға барып, қытайлармен сөйлескім келді. Олардың барлық атмосферасын, колоритін толыққанды сезіне алу үшін олармен сөйлесіп соны сезіну керек болды. Біртіндеп-біртіндеп ойладым мысалы, мен Испанияға барсам маған испандықтармен сөйлескен қызық. Францияға барсам француздармен сөйлескім келеді деген сияқты. Сөйтіп біртіндеп-біртіндеп адамдарға, мәдениетке қызыға бастадым. Содан кейін тілдерді оқуға бел будым.
Жеті жұрттың тілін жетік білетін дарынды қыз екі жылдан бері өзге адамдарға тіл үйретіп, сабақ беріп жүр. Ақтоты мұнымен тоқтап қалмақ емес. Болашақта араб, италиян және неміс тілін қолға алсам дейді. Ақтоты Қытай астанасындағы Тіл және мәдениет университетіне және Түркияның Эге университетіне оқуға түскен. Бірін онлайн, екіншісін оффлайн оқимын дейді. Ақтоты көп тілді меңгерудің тәсілімен қатар оны ұмытып қалмаудың құпиясымен де бөлісті.
Ақтоты Асанова, қала тұрғыны:
-Бір апта бойы мен тек қана испанша кино көремін, тек қана испанша оқимын, тек қана испанша музыка тыңдаймын. Келесі апта тек французша, оның келесі аптасы қытайша деген сияқты. Мен енді қазір үш тілден сабақ бергеннен кейін ұмыту мүмкін емес. Себебі күнде жұмыс болғаннан кейін ағылшын, түрік, қытай тілі. Ал, француз, испан тілдерін осында достарым бар.
Талантты қыз диплом алған соң еліміздегі ең ірі лингвистикалық мектеп ашуды жоспарлап отыр. Ілеспе аудармашы болып жұмыс істеуді де армандайды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев