Хабар телеарнасы

Алматыда Құлжа күрежолы жөнделді

Қаланың шығыс бағытындағы жол кеңейтілді. Бұған дейін осы маңда көлік кептелісі жиі болатын. Енді алты жолақты жолмен автокөліктер еркін жүйткиді.

Құлжа күре жолының шығыс бағытында үнемі көлік кептелісі қалыптасатын. Содан автокөлік иелері діттеген жеріне жете алмай, сағаттап тұруға мәжбүр болатын. Жолды кеңейту жұмысы маусым айында басталып, жоспарлы мерзімнен бұрын аяқталды.

Сағындық Телібаев, қалалық  мобильділік басқармасының басшысы:

- Үш жолаққа дейін кеңейтуді ұйғардық. Маусым айында жұмыс басталып, 14-ші қыркүйек күні бұл көшені толығымен үш жолаққа дейін кеңейттік. Күрежол бойында негізінен тәулігіне 70 мың көлік өтеді. Бұл 70 мыңдай көлік өтеді дегеніміз. Мысалы, 3 жолақтан 2 жолаққа ауысу кезінде кептеліс орын алған. Қазіргі таңда мұндай кептеліс бұл жерде орын алмайды.

Екі шақырымнан астам жол бөлігін жөндеуге 4 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Неігізгі жұмыс біткенімен қазір жол жиегінде тротуар төсеу жалғасып жатыр. Жобаға сәйкес асфальт қабаты толық ауыстырылды. Мамандар: «Асфальтті бетон төсеніші 10 жылға шыдас береді», - дейді. 

Арсен Шакуов, «Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығы» ҚҰ президенті:

- Құрылыс барысында қауіпсіздік ережелері ескерілді деп айта аламын. Әр жұма күні кешке, яғни көлік көбейгенде бақылау жүргіздім. Жол ашылғалы бері қозғалысқа ешқандай кедергі болмағаны қуантады. Кептеліс сейілді.

Жолдың ені екі жағынан да 1,5 метерге кеңейтілді. Бұл көліктердің еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Құрылыс барысында жол астындағы су құбыры толық ауыстырылған. Енді қараша айына дейін аббатанндыру аяқталу тиіс.

 А.Садуақас, С.Жұмабаев