Алматыда ғалымдар технологияларды коммерцияландыру реакторы тақырыбында ой бөлісті
Ғылым дамымайынша, экономика алға баспайды. Ол үшін ғылым мен инновацияны, өндіріс пен бизнесті байланыстыру керек. Яғни коммерцияландыру қажет. Алматыда ғалымдар, стартап жоба жетекшілері мен бизнес өкілдері бас қосып, технологияларды коммерцияландыру реакторы тақырыбында ой бөлісті. «Ғылым қоры қолға алған жобаға инвестор табылып жатса, грант алу мүмкіндігі артады»,- дейді ұйымдастырушылар.
Бақыт Түсіпова жиналғандарға жобаны барынша қарапайым түсіндіруге тырысты. Өзімізде өсетін қауын мен топинамбурдан желе жасайды. Кондитерлік өнімді сусамырмен ауыратындар қорықпай жей берсе болады. Ал кәдімгі қауынның адам ағзасындағы улы заттарды ығыстырып шығаратын қасиеті бар.
Бақыт Түсіпова, химия ғылымдарының кандидаты:
-Топинамбурдың құрамында инсулиннің аналогі инулин бар. Сол қант мөлшерін түсіреді. Ал қауын бізде антиэйджинг дейді, ол қартаюға қарсы. Табиғи шикізаттар дәм беретін өзінің дәмі болады. Дәмдеуіштер де қосып қажет емес. Бояу да қосу қажет емес. Кондитерлік өнімдерге начинка жасауға болады.
Іс-шарада бұдан өзге тағы 10 жоба таныстырылды. Оның қатарында құрамында күкіртті сутегі бар газдарды тазалау, көктайғаққа қарсы құралдар алу, дәрілік препараттар жасау сияқты ғылыми-техникалық әзірлемелер бар. Ғалымдарды қолдауға бағытталған диалог алаңы жылына 4 рет өтеді. Оған химия, жаратылыстану, физика, механика-математика бағыты кіреді. Осы жолы химия саласына арналды.
Алмас Гауһар, Коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының басшысы:
-«Ғылым қоры» АҚ-ның өзінің конкурсы болады. Жобаның аты - «Коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру». Яғни әр ғалым өзінің заявкасын беріп, 350 млн теңгеге дейін ұтып алу мүмкіндігі бар.
Бұған дейін коммерцияландыруға қатысқан 15-ке жуық жоба қаржыландырылған. Әрине бұл үшін ғалымдар жобаның коммерциялық құндылығын дәлелдеуі тиіс. Ғылым мен бизнес тоғысқан жағдайда экономиканың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі артады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев