Атыраудағы табиғи резерватта құс қырылып жатыр

  • 20
  • 21.07.2025, 18:46

Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватының аумағындағы аралда құс қырылып жатыр.

18 шілде күні облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандары резерват аумағында тексеру жүргізген. Нәтижесінде 253 бас құстың өлексесі табылды. Оның көбі қылаң қарабас шағала мен өгіз шағаланың балапандары. Алдын ала болжам бойынша бұған табиғи фактор әсер еткен болуы мүмкін. Мамандар жас балапандардың азықтана алмауынан, туабітті аурудан, аралдағы басқа да құстардың шабуылынан да қырылатынын айтады. Сынама алынып, зертханаға жіберілген. Бұған дейін 2022 жылы құс тұмауынан резерват аумағында 3 мың құс өлген еді. 

Назерке Махметова, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты» ММ Ғылым және мониторинг бөлімінің  басшысы:

- Құстардан сынама алынды. Яғни үш шағала құсын қазіргі уақытта Астана қаласына экспертизаға, яғни сынамаға жіберілді. Құстың қандай себептермен өлгені жөнінде сынаманың қорытындысы шыққаннан кейін баяндайтын  боламыз.