Жағдайды тарқатып айтатын болсақ, таңертең Алматы облыстық №1-ші балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшірмек болып, үш автобус келген. Әуелі мектеп жасына дейінгі жеткіншектер облыс орталығына жеткізілуі тиіс еді. Бірақ оған ересек қыз-жігіттер мен қоғам белсенділері қарсылық танытты.
№1 балалар үйі облысқа қарағанымен, Алматының Бағанашыл ықшамауданында орналасқан. Оны көшіру туралы алғаш көктемде сөз болды. Балалар наразылық білдірген кезде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев тәрбиеленушілер Алматыда қалады, ешқайда кетпейді деген. Қонаевқа оңалту орталығына қабылданған балалар ғана баратын болған. Бірақ тәрбиеленушілердің айтуынша, олар да кеткісі келмеген.
Әдемі Қалиева, №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі:
- «Біз барғымыз келмейді», - дейді. Өзіміз де бауыр басып қалдық, олар да бауыр басып қалды. Мен енді 3 жасымнан балалар үйіндемін ғой. Мен білемін. Бұл біздің үйіміз болып кеткен ғой. Қанша бізбен өскен балаларды көрдік. Енді бұл балалар достарымыз болып қалды. Біз бір отбасындай болып қалдық.Сондықтан жібергіміз келмейді
Оңалту орталығындағы жеткіншектерді әкетпек болғанда, балалар үйінің тәрбиеленушілері қарсы тұрған. Кикілжің барысында бір жасөспірімнің денсаулығы нашарлап, медициналық көмекке жүгінді. Әкімдік балалар үйін көшірудің себебін ғимараттың апатты жағдайда тұрғанымен түсіндіреді.
Нысан 1963 жылы салынған. Аумағы 2,5 гектар жерде орналасқан. Ал Қонаевтағы 180 орындық жаңа мекеме инвесторлардың қаражатына бой көтеріпті. Қоғам белсенділері мен балалардың өздері көшуге қарсы. Олар: «Тәрбиеленушілердің құқығы қорғалмады, пікірі ескерілмеді», - дейді.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Не үшін «КазНИИСА» сияқты мекемелер қорытынды бермеген? Не үшін тартпағансыздар? Ресми бағасын берсе, түсінікті болар еді. Түсініксіз мекеменің қорытындысымен авариялық қауіпті деп тани салғансыздар. «Астана Құрылыс Сервистің» қорытындысы қай жақта?
Даулы іске Президент араласты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалар Алматыда қалды. Өздері үйренген жерде тұрады. Оқуын жалғастырады. Ал мекеменің өзі облыстан қала қарамағына өткізіледі. Қонаевқа оңалту орталығындағы жеткіншектер ғана көшті.
Ақмарал Әділбекова, Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз жоспарға сәйкес жұмыс істедік. Кәмелетке толмаған 37 бала Қонаевқа жеткізілді. Төрт бала «бармаймыз» деп Алматыда қалды. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Алдын ала бәрімен сөйлестік. Балалардың құқығы бұзылған жоқ. Жанында тәрбиешілер мен үлкендер болды. Ал жаңа ғимарат мемлекет балансына алынбаған деген жалған ақпарат. Нысан Алматы облыстық Білім басқармасының қарамағына тапсырылған.
«Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жергілікті орган Қонаевқа балаларды көшіруді хабардар етпеді», - деп отыр. Дианара Зәкиева екі қаладағы балалардың жағдайын өз көзімен көру үшін Астанадан келе жатыр. Осы жағдай бойынша Президент Әкімшілігі тексеру жүргізеді. Қазір арнайы топ құрылды.
Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев